Шынар Ақпарова "Білім туралы" заңға сәйкес баланы оқу процесінен шеттетуге жол берілмейтінін еске салды.
"Баланың сапалы білім алуға құқығы бар. Сондықтан оны мектепке кіргізбей қоюға болмайды", – деді Шынар Ақпарова.
Сонымен қатар бірінші вице-министр мектеп формасына қойылатын талаптардың сақталуына ата-аналар жауапты екенін атап өтті.
"Заңның 47-бабы білім алушыларға, ал 49-бабы ата-аналарға қатысты. Ата-аналар білім беру ұйымы, ата-аналар қауымы және қамқоршылық кеңес бірлесіп белгілеген мектеп формасына қойылатын талаптардың сақталуын қамтамасыз етуге міндетті. Бұл талаптарды бұзғаны немесе сақтамағаны үшін 5 АЕК мөлшерінде айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілік қарастырылған", – деді ол.
2026 жылы 1 АЕК 4325 теңгеге тең. Демек, айыппұл мөлшері 21 625 теңгені құрайды.
Бұған дейін Шынар Ақпарова бастауыш сынып оқушыларының білімін бағалау тәртібіне енгізілетін маңызды өзгерістер туралы айтқан еді.