Алматыда алғаш рет аударыспақтан "QASQYR CUP" турнирі өтті

Алматыда алғаш рет аударыспақтан "QASQYR CUP" турнирі өтті, сурет - Zakon.kz жаңалық 03.10.2026 18:17 Сурет: ұйымдастырушылар
2 қазан күні Алматыда қазақтың ұлттық спорты – аударыспақты халыққа кеңінен насихаттау мақсатында алғаш рет "QASQYR CUP" турнирі өтті. Бұл доданың ерекшелігі – бұрын-соңды ат үстінде күресіп көрмеген блогерлер мен медиа тұлғалар қатысты, деп хабарлайды Zakon.kz.

20 қатысушы ат үстінде күш сынасып қана қоймай, алаңға әртүрлі кейіппен шығып, көрерменге шоу көрсетті. Олардың арасында Абай Асылхан, Файзулла Нағашыбай, Медет Жаңабай, Айтбек Тұрсынбай, Мейіржан Төребай, Асхат Нұрмашев, Мұхит Амантай, Ертуған Амангелді, Манас Жарылқасынов, Мақсат Қиқымов, Азамат Бақытов, Медет Жанатұлы, Арнұр Қабдолдаев, Олжасхан Қайрат сынды блогер, айтыскер, MMA шеберлері бар. Өз қарсыласын жеңген әр қатысушыға 500 мың теңге сыйақы берілді.

Ерлер спорты саналатын аударыспақтан алғаш рет қыздар да сайысқа қатысты. "Бопай" лақап атымен танымал Зәмзәгүл Файзолланова мен "Томирис" атанған Гүлмарал Еркебаева атқа мініп, аударыспақ ережесіне сай күресті. Жекпе-жектің бітуіне санаулы секундтар қалғанда Гүлмарал қарсыласын аттан аударып түсіріп, жеңіске жетті. Осыған дейін қазақ күресі мен еркін күресте қарсылас болған спортшы қыздар 1:1 есебімен тең түскен еді.

"Аударыспақтан өткен шешуші айқасымызда жеңіске жетіп, трилогиямыз осымен аяқталды. Атқа мініп жүргенімізбен, аттың үстінде күресу үшін рух керек екен. Бір жағынан атты басқарсаң, екінші жағынан адаммен арпалысасың. Кеше ғана жаттығып, бүгін шайқасқа шығып кеттік. Басында қорқыныш болды, себебі аттың үстінде күресу көп қазақ жігітінің қолынан келе бермейді. Қыздардың атқа қонағаны әрбір қазақ жігітіне сын болары анық. Күш білекте емес, жүректе. Қазақ қыздарының рухын, мінезін көрсеттік", – деді Гүлмарал Серкебаева.

Нигериядан келген Мухаммад қатысушылардың бірін алмастырып, аз уақыт ішінде аударыспақ ережесін меңгеріп алды. Ешқашан атқа мініп көрмеген ол жарыс алдында бір-ақ рет дайындалып, турнир кезінде қарсыласын 11 секундта аттан құлатып түсірді.

"Жеңіске жететініме ешкім сенбеді, себебі қарсыласымның салмағы ауыр еді. Ал мен өзіме сендім, себебі жарыстарға қатысып жүрген соң ең алдымен өзіңмен күресу керек екенін жақсы білемін. Әрі футболшымын. Бала кезімде бокспен айналыстым. Сондықтан қарсыласымды жеңу үшін барымды салдым. Аударыспақ маған қатты ұнады. Тағы да жарыстарға қатысқым келеді. Бүгінгі жеңісіме елде қалған анам, бауырларым қуантатын болды. Қазақ тілін үйреніп жүрмін. Осындай мүмкіндіктерге жол ашқан Қазақстанға алғысым шекісіз", – деді Мухаммад.

Алматыда алғаш рет аударыспақтан "QASQYR CUP" турнирі өтті, сурет - Zakon.kz жаңалық 03.10.2026 18:17

Сурет: ұйымдастырушылар

Аударыспақ – екі салт аттының күресі. Балуандар ат үстінде күш сынасып, бірін-бірі белден басып немесе тартып жерге құлатуы керек. Қазақтың ұлттық спорты Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарының бағдарламасына енген. Бір ай бұрын Қырғызстанда өткен ойындарда Қазақстан құрамасы алты салмақ дәрежесі бойынша сынға түсіп, төрт алтын, бір күміс, бір қола медаль жеңіп алды. Енді 5-8 қазанда Оралда аударыспақтан ересектер арасындағы ел біріншілігінде Қазақстан чемпиондары анықталады.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: