Алматыда ауыл балаларына арналған футбол турнирі өтті

Алматыда ауыл балаларына арналған футбол турнирі өтті, сурет - Zakon.kz жаңалық 07.08.2025 19:25 Сурет: Halyk қайырымдылық қоры
Алматыда еліміздің әр өңірінен келген ауыл командаларының қатысуымен балаларға арналған футбол турнирі өтті. Бұл шара жас таланттарды анықтап, оларды кәсіби мамандардың назарына ұсынуға бағытталған, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 16 ауылдық команда Алматыда алғаш рет Halyk Open Golden Kids атты балалар турнирінде бас қосты. Бұл – Halyk қорының қатысуымен жүзеге асырылып жатқан #АуылФутбол жобасының жаңа кезеңі.

Турнир елдің түкпір-түкпірінен келген жас спортшыларды жинап, нағыз футбол думанына айналды: алаңдағы тартыс, трибунадағы ата-аналардың толқынысы және болашақ жұлдыздарды іздеуге арнайы келген "Қайрат" клубының кәсіби скауттарының назары — бәрі де бұл шараның ерекше маңызын айқындап тұрды.

"Басты мақсат – ауыл балаларына үлкен алаңда өздерін көрсетуге мүмкіндік беру", - дейді #АуылФутбол жобасының жетекшісі Серік Мәмбет. 

"Ауыл футболы тұйық жол емес, үлкен аренаға бастар трамплин болуы керек" деп толықтырды ол.

Турнирге арнайы келген құрметті қонақтардың қатарында қазақ футболының аңызы – Құралбек Ордабаев пен Ваит Талғаев болды. Олар ойындарды тамашалап, жас футболшыларға қолдау көрсетті.

Турнир қалай өтті?

Командалар 4 топқа бөлініп, әрқайсында 4 командадан ойнады. Кейін – плей-офф, медаль үшін тартыс және ең басты – әр ойыншыға жеке назар.

Жоба аясында алғаш рет әр матчтағы үздік ойыншылар арнайы марапатталды. Барлығы 32 ойын өтіп, нәтижесінде 32 жеке марапат табысталды. Сондай-ақ, скауттар таңдаған 12 үздік ойыншыдан символды құрам жасақталды. Олар да қордың бағалы сыйлықтарына ие болды.

Сурет: Halyk қайырымдылық қоры

Турнир қаһармандары мен жеңімпаздары

  • Чемпион – "Намыс – Қызылтөбе" (Маңғыстау облысы)
  • Күміс жүлде – RedSapsans (Алматы облысы)
  • Қола жүлде – "Іле Сәулет" (Алматы облысы)
  • Ең жас ойыншы – Сейдахмет Ахмет (2014 ж.т.)
  • Турнирдің "Алтын добы" – Абзал Баймұхан

Ұйымдастырушылар турнир жылына екі рет өтетінін мәлімдеді. Оның мақсаты – ауыл балаларына бапкерлер мен мамандардың назарына ілігетін мүмкіндіктерді барынша көбейту.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: