Алматы ауыл футболының республикалық орталығына айналды
Сурет: Halyk қайырымдылық қоры
Атап айтқанда, республикалық Halyk Open Cup 2025 финалы мен ауыл бапкерлеріне арналған #АуылФутболCoach семинары, "АуылФутбол Awards-2025" марапаты ұйымдастырылды.
Финалға тек мықтылар жетті
18-19 желтоқсанда өткен Halyk Open Cup 2025 турниріне Қазақстанның түкпір-түкпірінен іріктелген 16 үздік команда қатысты. Жолдама биыл қарашада Павлодар, Ақтөбе, Шымкент және Алматы қалаларында өткен өңірлік іріктеулердің қорытындысымен берілді. Әр өңірден төрт командадан суырылып шығып, финалда ел намысын, ауылдың үмітін арқалаған жас футболшылар Алматыға жиналды.

Сурет: Halyk қайырымдылық қоры
Ақтық кезеңде 200-ден аса дарынды ойыншы алаңға шықты.
#АуылФутболCoach семинарлары
Ал 16-17 желтоқсанда өңірлерде жұмыс істейтін бапкерлерге арналған екі күндік мамандандырылған офлайн-семинарлар мен шеберлік сыныптары өтті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, ауыл футболын дамытуда инфрақұрылымнан бөлек, басты ресурс – белсенді, ынталы бапкер. Оқу бағдарламасына жаттығу процесін жоспарлау мен тәжірибелік дайындық, ата-аналармен және жергілікті билікпен коммуникация, құқықтық негіздер, сондай-ақ менеджмент, маркетинг және тәлімгерлік дағдылары енгізілді.

Сурет: Halyk қайырымдылық қоры
"Семинарда алған ең маңызды дүнием – ауыл жағдайында жүйелі жоспар құру мен ата-анамен дұрыс сөйлесу команданың нәтижесіне тікелей әсер ететіні. Мұндай қолдаудың арқасында біз балаларға тек футбол үйретпейміз, олардың болашағына сенім сыйлаймыз", - деді семинар қатысушысы, ауыл бапкері Нұрбол.
АуылФутбол Awards
Сонымен қатар 20 желтоқсанда Алматыда өткен "АуылФутбол Awards–2025" республикалық сыйлығының марапаттау рәсімінде он бес номинация бойынша жеңімпаздар анықталды. Атап айтқанда, "Әлеуметтік желідегі үздік парақша", "Үздік футбол менеджері", "Үздік футбол ұйымдастырушысы", "Үздік қоғам белсендісі", "Жыл серпілісі", "Fair play" (Адал ойын), "Үміт", "Үздік төреші", "Үздік жаттықтырушы", "Үздік қақпашы", "Үздік қорғаушы", "Үздік жартылай қорғаушы", "Үздік шабуылшы", "Үздік команда" және "Үздік ойыншы" номинациялары бойынша үздіктер марапатталды. Жеңімпаздарға арнайы мүсінше мен ақшалай сыйлықтар табысталды.

Сурет: Halyk қайырымдылық қоры
"Үздік қақпашы" номинациясында Маңғыстау облысы Қызытөбе ауылынан келген "Намыс Қызылтөбе" командасының ойыншысы Дәулет Дауылбай топ жарды. Ол қуанышын жасыра алмай, өзімен бірге жаттығатын атасына алғысын жаудырды.
"Бос уақытымда атам екеуіміз жаттығамыз. Мен де Темірлан Анарбеков, Шерхан Қалмұрза сияқты УЕФА-да өнер көрсеткім келеді, Қазақстанның намысын қорғағым келеді. Сый алғаннан кейін бұдан да көп жаттығамын. Қатты қуанып тұрмын", - деді ол.