Қазақстандағы сайлау учаскелері жоғары деңгейде дайындалған – Элла Памфилова

Сурет: Zakon.kz
Бүгін, 23 тамызда, Қазақстанда жаңа бір палаталы Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауы өтуде. Дауыс беру барысын қазақстандық және шетелдік бақылаушылар бақылауда.

Сайлау процесімен танысу мақсатында Астанадағы №282 сайлау учаскесіне Ресей Федерациясы Орталық сайлау комиссиясының төрайымы Элла Памфилова барды.

Элла Памфилова дауыс беру барысымен танысып, комиссия мүшелерінің жұмысын және сайлаушылар үшін жасалған жағдайларды бағалады. Ол Ресей Орталық сайлау комиссиясының өкілдері бұған дейін де Қазақстандағы сайлауларға тұрақты түрде бақылаушы ретінде қатысып келгенін атап өтті. Алайда Орталық сайлау комиссиясының төрайымы ретінде Қазақстанға сайлауды бақылау үшін алғаш рет келгенін айтты.

"Қазақстандағы әр сайлауға Ресейден міндетті түрде менің әріптестерім келеді. Ал мен Орталық сайлау комиссиясының төрайымы ретінде алғаш рет келіп отырмын. Мен әріптесіме міндетті түрде келемін деп уәде берген едім. Өйткені бұл сайлаудың қаншалықты маңызды екенін түсінемін. Бұл – жаңа Конституцияға сәйкес өтіп жатқан Құрылтайдың алғашқы сайлауы", – деді Элла Памфилова.

Сурет: Zakon.kz

Оның айтуынша, Қазақстан мен Ресейдің сайлау органдары тығыз ынтымақтастық орнатып, тәжірибелерімен тұрақты түрде алмасып келеді. Қазақстандық мамандар Ресейдегі сайлауларға қатысса, ресейлік әріптестер өз кезегінде Қазақстандағы сайлау науқандарын бақылауға қатысады.

"Бүгін біз бірнеше сайлау учаскесіне де бардық. Олардың барлығы уақытында ашылды. Комиссия мүшелерінің дайындығы өте жақсы. Оларды оқыту бойынша үлкен жұмыс жүргізілгені көрініп тұр. Әрқайсысы өз міндетін жақсы біледі, сайлаушыларға өте мұқият әрі сыпайы қарым-қатынас жасайды. Дауыс беру құпиясы қамтамасыз етілген. Ұйымдастыру деңгейі өте жоғары", – деді ол.

Элла Памфилова Қазақстандағы сайлау процесінде Ресей тәжірибесінде қолдануға болатын бірқатар шешімдерге назар аударғанын да айтты.

Сурет: Zakon.kz

Оның сөзінше, бюллетень алған кезде сайлаушы тізімнен тек өзінің жеке деректерін ғана көре алады. Ресей ОСК төрайымы бұл тәжірибеге оң баға беріп, оны Ресейде де қолдану мүмкіндігі қарастырылатынын жеткізді.

"Мен бірнеше өте пайдалы шешімге назар аударып үлгердім. Маған жеке деректердің толық құпиялылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін трафареттер өте ұнады. Сайлаушылар бюллетень алған кезде қол қойған уақытта тізімнен тек өз деректерін ғана көреді. Бұл – өте жақсы шешім. Менің ойымша, біз де осы тәжірибені қолданамыз. Сонымен қатар назарымызға алған басқа да тұстар бар", – деді Элла Памфилова.

Сондай-ақ Элла Памфилова Қазақстанға сапары барысында басқа мемлекеттердің сайлау органдарының өкілдерімен кездесіп, тәжірибе алмасқанын хабарлады. Оның айтуынша, Қазақстандағы сайлауды бақылау үшін 22 елдің өкілдері келген. Ол мұндай кездесулер мемлекеттерге бір-бірінің тиімді тәжірибелерін зерделеуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Сөз соңында Элла Памфилова Қазақстандағы дауыс беру күнінің сәтті өтуіне тілектестік білдіріп, сайлаудың ұйымдастырылу деңгейіне оң бағасын берді.

Қазақстан
Құрылтай

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Жамбыл облысында Құрылтай сайлауы белсенді өтуде

Атыраудың күші: рекордшы сайлау учаскесі алдында КамАЗ көлігін сүйреді

Ақтөбелік шебер Әбілқайыр ханның мөрін қайта жасап шықты

Сайлаушылардың көңіл күйі жақсы: "СОЦИС-А" супервайзері Жезқазғандағы экзитпол қалай өтіп жатқанын айтты

Аида Балаева Құрылтай сайлауында дауыс берді