"Әділет" партиясының төрағасы Айбек Дәдебай сайлаушыларға үндеу жасады. Ол сайлауалды науқан барысында партия мүшелерінің барлық өңірді аралап, мыңдаған қазақстандықпен кездескенін атап өтті.
"Әр кездесуде біз халықты алаңдататын мәселелерді, олардың пікірлері мен ұсыныстарын тікелей естідік. Біз үшін әр адамның пікірі маңызды. Келіп түскен барлық ұсыныс алдағы жұмысымызда ескерілетін болады. Бұл сайлау шынайы саяси бәсекелестік жағдайында ашық әрі әділ өткенін сенімді түрде айта аламыз. Партияларға өз бағдарламаларын таныстыруға, ұстанымдарын ашық білдіруге және сайлаушылармен тікелей диалог жүргізуге мүмкіндік берілді. Сіздердің сенімдеріңіз – ең алдымен, үлкен жауапкершілік. Біздің міндетіміз – оны нақты жұмыстармен және мәлімделген бағдарламаны жүйелі түрде жүзеге асыру арқылы ақтау. Бізге сеніп, "Әділет" партиясын қолдаған әр азаматқа шын жүректен алғыс айтамыз!" – деді Айбек Дәдебай.
Көптеген партия жетекшілері өз мәлімдемелерінде сайлау процесінің ұйымдастырылуы мен оның ашықтығына тоқталды. Атап айтқанда, "Ауыл" партиясының төрағасы Қайрат Айтуғанов сайлау жақсы ұйымдастырылып, тәртіппен өткенін айтты.
"Сайлау ашық, жария және азаматтардың таңдауына құрметпен қарау жағдайында өтті. Дауыс беру тыныш әрі ашық түрде жүргізілді", – деді Айтуғанов.
Бірқатар партия жетекшілері әлеуметтік желілер арқылы қазақстандықтарға дауыс беруге белсенді қатысқаны үшін алғыс білдірді.
"Бұл – бізге сенім артқан азаматтардың таңдауы. Партиямызға дауыс берген әр адамға шын жүректен алғыс айтамыз. Алда – ресми қорытындылар. Ал Respublica халықтың мүддесін білдіруді, елге қызмет етуді және нақты өзгерістер үшін жұмыс істеуді жалғастырады. 5,4% - жаңа кезеңнің бастауы", – деп жазды Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Ходжаназаров Instagram желісінде.
Ал "Ақ жол" демократиялық партиясының төрайымы Дания Еспаева алғашқы Құрылтай сайлауы елдің саяси өміріндегі "тарихи оқиға" екенін атап өтті.
"Алғашқы Құрылтай сайлауы еліміздегі тарихи өзгерістердің заңды жалғасы болып, ашықтық пен әділдік қағидаттарына сәйкес өтті және азаматтарға өз пікірін еркін білдіруге мүмкіндік берді", – деді Дания Еспаева.
Оның айтуынша, барлық саяси партия сайлауға ашық бәсекелестік жағдайында қатысып, өз бағдарламаларын сайлаушыларға жан-жақты таныстыруға мүмкіндік алды.
"Бұл – саяси жүйені жаңғырту жолындағы маңызды қадам және азаматтардың Қазақстанның болашағын айқындауға тікелей қатысатын жаңа кезеңнің бастауы. "Ақ жол" демократиялық партиясы бұл сайлауға жан-жақты дайындықпен – мол тәжірибесі, мықты командасы және ел болашағына бағытталған жаңа идеяларымен келді. Бүгінгі нәтиже біз үшін жай ғана сандар емес. Сондықтан біз "Ақ жолға" дауыс берген әр қазақстандықтың жүктеген жауапкершілігін толық сезінеміз. Біз "Ақ жолға" дауыс берген әр азаматтың аманатын орындау үшін бар күшімізді саламыз. Сайлаушыларымыздың сенімін ақтау – біздің басты міндетіміз", – деді саясаткер.
ОСДП төрағасы Асхат Рахымжанов Telegram желісінде партияны қолдаған барлық қазақстандыққа, сондай-ақ сайлау науқанында партиямен бірге болған белсенділер мен еріктілерге алғыс білдірді.
"Біз сенім мандаты мен үлкен жауапкершілікке ие болдық. Экзитпол нәтижесі бойынша ОСДП Қазақстан Республикасындағы алғашқы Құрылтай сайлауында сайлаушылардың 5 пайыздан астамының қолдауына ие болды", – деді Асхат Рахымжанов.
Қазақстан Халық партиясының төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов сайлау елдегі "қоғам мәдениетінің" көрінісі болғанын атап өтті.
"Бұл сайлау – жай ғана кезекті сайлау емес, маңызы өте жоғары тарихи оқиға. Құрылтайдың қалыптасуымен Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашылық еткен ұлттық және саяси жаңғыртудың жаңа кезеңі басталады. Дауыс беру учаскесіне келіп, сайлауға белсенді қатысқан әр азаматқа алғыс айтқым келеді. Сіздердің азаматтық ұстанымдарыңыз бен ел болашағына бейжай қарамауларыңыз – бүкіл қоғамымыздың мәдениетінің көрсеткіші", – деді Нұрсұлтан Шоқанов.
Бұған дейін "Социс-А" қоры Құрылтай сайлауындағы экзитпол нәтижелерін жариялаған болатын.