Президент Қасым-Жомарт Тоқаев XVIII БРИКС саммиті аясында Абу Дабидің Тақ мұрагері шейх Халед бен Мұхаммед бен Заид Әл Наһаянмен кездесті.
Мемлекет басшысы шейх Халед бен Мұхаммед бен Заид Әл Наһаянның Астанаға жасаған сапарының тарихи маңызын атап өтті. Оның аясында екіжақты қарым-қатынасты дамытуға тың серпін берген маңызды құжаттарға қол қойылған еді.
"Өзара ынтымақтастығымыз шын мәнінде сан қырлы сипатқа ие және көптеген бағытты қамтиды. Алдағы уақытта да бірлескен жұмысты ілгерілету үшін күш жұмылдыра береміз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент пен Абу Дабидің Тақ мұрагері энергетика, көлік-логистика, ақпараттық технология және ауыл шаруашылығы салаларында табысты іске асырылып жатқан ірі инвестициялық жобаларды талқылады. Аталған бастамалар экономикалық ықпалдастықты жандандырып, өзара сауда-саттық көлемін арттыруға септігін тигізеді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екі ел арасындағы тығыз ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін растады.
Қасым-Жомарт Тоқаев БАӘ Президенті, шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаянға жылы лебізін жолдап, оның Қазақстанға сапармен келуін күтетінін айтты.