Сеулде ҚР Премьер-министрінің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев CONTEC Space Group компаниясының құрастыру-сынау кешеніне барып, компания басқарма төрағасы Ли Сонхимен кездесті.
Кездесуде CONTEC компаниясының Қазақстандағы "Ғалам" жобасына инвестиция салу жоспары, спутниктер мен олардың компоненттерін бірлесіп өндіру және жерүсті стансаларының желісін дамыту мәселелері қаралды.
Тараптар Қазақстанда спутник компоненттерін шығаратын өндірістік хаб құру мүмкіндігін де талқылады. Өндірілген өнімді кейін Орталық Азия, Таяу Шығыс және Еуропа нарықтарына шығару жоспарлануы мүмкін. Сонымен қатар ірі габаритті жерүсті антенна жүйелерінің өндірісін Қазақстанда локализациялау мәселесі қарастырылды.
Тағы бір бағыт – жасанды интеллект көмегімен спутниктік суреттерді өңдеу технологияларын дамыту. Бұл Жерді қашықтан зондтау деректерін талдауға және оларды практикалық міндеттерді шешуге пайдалануға мүмкіндік береді.
CONTEC Space Group құрамына CONTEC, Asia Pacific Satellite Corporation және Texas Space Communication компаниялары кіреді. Топ Оңтүстік Кореяның мемлекеттік спутниктеріне арналған борттық компьютерлерді жеткізеді және әлемнің бірнеше елінде 17 жерүсті стансасын басқарады.
Алдағы уақытта Қазақстанда CONTEC-тің еншілес компаниясын құру және әріптестік шарттарын нақтылау мәселесі қаралады. Ынтымақтастықтың егжей-тегжейін Қазақстан Президентінің Корея Республикасына мемлекеттік сапары барысында таныстыру жоспарланған.