Прокуратураның мәліметінше, Екібастұз өңірінде жеке орман өсіру үшін ауданы 797 гектар жер учаскесі берілген. Алайда онда ағаш отырғызу жұмыстары жүргізілмеген.
Сонымен қатар Тереңкөл және Аққулы аудандарында су қорына жататын 820 гектар жер учаскесі бассейндік су инспекциясының қажетті келісімінсіз үшінші тұлғаларға балық шаруашылығын жүргізу үшін берілген.
Анықталған заң бұзушылықтар бойынша табиғатты қорғау прокуратурасы тиісті қадағалау актілерін енгізді.
"Нәтижесінде заңсыз берілген және нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмаған, жалпы аумағы 1 600 гектардан асатын жер учаскелері мемлекетке қайтарылды. Олардың кадастрлық құны шамамен 1 млрд теңгені құрайды", – делінген Павлодар облысы прокуратурасының баспасөз қызметі хабарламасында.
Сондай-ақ жер қатынастары бөлімдерінің басшылары қоса алғанда, кінәлі лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылған.