БАҚ өкілдері Қазақстан Халық Кеңесінің қызметіне бөлу жоспарланған 1,7 млрд теңгенің неге жұмсалатынын сұрады.
"Бұл соманы кеңес құрамындағы адамдардың санына бөлу дұрыс емес. Өйткені қаражат тек жалақыға ғана емес, өңірлерге баруға, халықпен кездесулер өткізуге, сессияларды ұйымдастыруға, іссапар шығындары мен қоғамдық тыңдауларға да жұмсалады. Бұл – Қазақстан Халық Кеңесінің бүкіл жұмысын ұйымдастыруға арналған қаражат, – деді Абзал Бейсенбекұлы.
Ол аталған сомадан еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесіне сәйкес жалақы төлеу де қарастырылғанын айтты.
Журналистердің Қазақстан Халық Кеңесі өкілдерінің нақты қанша жалақы алатыны туралы нақтылау сұрағына вице-министр бұл мәліметті жариялай алмайтынын жеткізді.
"Тағы да қайталап айтамын: еңбекақы бюджет қаражаты есебінен ұсталатын қызметкерлерге ақы төлеу жүйесіне сәйкес төленеді. Бұл жүйедегі мәліметтер қызмет бабында пайдалануға арналған ақпаратқа жатады. Сондықтан кімнің қанша жалақы алатыны туралы егжей-тегжейлі ақпаратты жариялай алмаймын, – деді ол.
2026 жылғы 10 қыркүйекте Құрылтайдың 2027 жылға арналған бюджетінде қандай шығыстар көзделгені белгілі болған еді.