Сотталғандардың әрқайсысына 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Тергеу барысында топ мүшелерінің әрқайсысына нақты міндет бөлінгені анықталған. Қатысушылардың көпшілігі Қазақстанға Ресейден келген. Кейбірі ұйымдастырушылардың тапсырмасымен Ресейге барып, қажетті жабдықтарды алып келген.
Орындаушылар негізінен Telegram арқылы табылған. Оларға белгілі бір қалаға келу, пәтер жалдау, SIM-box жабдығын орнату, оны интернетке қосу және қазақстандық ұялы байланыс операторларының SIM-карталарын орналастыру тапсырылған. Жабдықтың үздіксіз жұмысын қамтамасыз еткені үшін оларға күніне 50-ден 100 долларға дейін ақша төленген.
SIM-box арқылы қазақстандықтарға алаяқтық қоңыраулар жасалған. Қаскүнемдер өздерін мемлекеттік органдардың, банктердің, "Қазпошта" АҚ және басқа ұйымдардың қызметкерлері ретінде таныстырып, азаматтардан SMS арқылы келген растау кодтарын алған. Кейін оларды несие рәсімдеуге немесе ақшасын басқа шоттарға аударуға көндірген.
Іс бойынша негізгі дәлелдердің бірі сотталғандардың телефондарынан табылған Telegram хат-хабарлары болған. Онда жабдықты орнату және техникалық қызмет көрсету, SIM-карталарды ауыстыру, тапсырмаларды орындау және үйлестірушілерге есеп беру жөніндегі нұсқаулар сақталған.
Сотталушылар кінәсін мойындамаған. Алайда прокуратура ұсынған дәлелдер олардың ұйымдасқан қылмыстық әрекетке қатысы бар екенін растаған.
Қазіргі уақытта сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.