Ресей ғылым қоры (РҒҚ) бұл жаңалық Каспий теңізіндегі жануарлар дүниесінің түрлік алуандығы мен эволюциясы туралы ғалымдардың түсінігін едәуір кеңейтетінін атап өтті.
"РҒҚ жобасы аясында Каспий балықтарына жаппай генетикалық талдау жүргізу барысында бұзаубас балықтар арасында бұрын белгісіз болған генетикалық алуандылықты күтпеген жерден анықтадық. Атап айтқанда, бұзаубастардың екі туысынан – итшабақшалар мен цуцик-бұзаубастардан – жаңа генетикалық желілерді таптық. Олардың жеке түрлер екені анықталды", – деді Ресей ғылым академиясының Экология және эволюция проблемалары институтының (Мәскеу) жетекші ғылыми қызметкері Борис Левин ТАСС-қа берген сұхбатында.
Жаңа итшабақша түріне Benthophiloides caspius деген ғылыми атау берілді. Оны ғалымдар Қазақстан жағалауынан жыланбалық оны жеп қоюға әрекеттеніп жатқан кезде ұстап алған. Бұл өте сирек кездесетін түр болып шықты. Себебі биологтар осы уақытқа дейін Каспийдің бұл тұрғынын небәрі екі рет ұстап, зерттеген. Сонымен қатар зерттеушілер бұл түрдің Каспий теңізіндегі ең жақын туыстарынан ұзақ уақыт бойы бөлек эволюцияланғанын анықтады. Бұл оның теңіз фаунасының түр түзілу үдерісіндегі маңызды рөлін көрсетеді.
Ал жаңа цуцик-бұзаубас (Proterorhinus scythicus) түрінің геном құрылымын зерттеу оның Қара теңіздегі осы балық түрлерімен туыстығын көрсетті. Ғалымдардың пікірінше, бұл ерекшелік шамамен 2,1 миллион жыл бұрын Қара теңіз бен Каспий теңізі арасында болған ежелгі байланысты растайды.
Осы себепті зерттеушілер жаңа түрге Қара теңіз маңын мекендеген аңызға айналған скифтердің құрметіне "скифтік" деген атау берген. Ғалымдар бұл теңіздердегі балықтарды әрі қарай зерттеу олардың эволюциялық тарихы мен тірі ағзалардың биогеографиясын егжей-тегжейлі қалпына келтіруге мүмкіндік беретінін атап өтті.