21 қыркүйекте TikTok-та ер адамның мысыққа қатыгездік танытқаны бейнеленген видео тараған. Полиция қызметкерлері жазбаға байланысты дереу тексеру жүргізді.
Нәтижесінде жануарға қатыгездік көрсеткен адамның жеке басы анықталды. Ол Жамбыл облысының 43 жастағы тұрғыны Серік Кетенов болып шықты. Ер адам полиция бөліміне жеткізілді.
"Оған әкімшілік жаза ретінде айыппұл салынды. Сонымен қатар полиция қызметкерлері оған жануарларға қатысты мұндай әрекеттерге жол бермеу жөнінде ресми ескерту жасады", – деп хабарлады полиция.
Құқық қорғау органдары жануарға қатыгездік көрсету қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін екенін түсіндірді.
Полицияның мәліметінше, оқиға кезінде зардап шеккен мысық аман қалған, оның денсаулығына зиян келмеген.
Полиция жануарларға күш қолдануға, оларды қинауға немесе қасақана зиян келтіруге жол берілмейтінін еске салды. Мұндай әрекеттер заңнамада белгіленген жауапкершілікке әкеп соғады.