Әл-ауқатты бағалау калькуляторы қалай жұмыс істейді және пайдаланушылар нені білуі керек
Фото: Zakon.kz/Максим Золотухин
Ведомствоның баспасөз қызметі 2026 жылғы 17 қарашада түсіндіргендей, азаматтарға ыңғайлы болу үшін сервис барынша жеңілдетілген. Оны пайдалану үдерісі бірінен кейін бірі орындалатын үш қадамнан тұрады.
Бірінші қадам – отбасы
Деректерді енгізу өзіңізден басталады.
Авторизациядан өту үшін ЖСН-іңізді енгізесіз. Осыдан кейін жүйе мемлекеттік дерекқорлардан сіз туралы өзге мәліметтерді автоматты түрде алады. Атап айтқанда: жынысыңыз, жасыңыз, мүгедектігіңіздің немесе созылмалы ауруларыңыздың болуы, ресми түрде жұмысқа орналасуыңыз бен кредиттеріңіз туралы мәліметтер.
Сізге тек осы деректердің өзектілігін тексеру керек. Кез келген мәліметті өзектендіріп, қажет болған жағайда түзетуге болады.
Бұдан кейін өзіңізбен бір мекенжайда тұратын, сол жерде тіркелген және ортақ шаруашылық жүргізетін отбасының әрбір мүшесі туралы дәл осындай мәліметтерді өзіңіз енгізесіз.
Екінші қадам – активтер мен кірістер
Бұл кезеңде де деректерді енгізу тәртібі осындай.
Өзіңізге тиесілі мүлік туралы ақпарат жүйеге автоматты түрде жүктеледі. Қажет болған жағдайда оны толықтыруға немесе түзетуге болады.
Атап айтқанда, сіздің атыңызда тіркелген жеңіл автокөліктер, коммерциялық көлік, ауыл шаруашылығы техникасы, жылжымайтын мүлік, тұрғын үй, жер учаскелері және бизнестегі үлестер туралы мәліметтер қамтылады.
Одан кейін сізбен бірге тұратын отбасы мүшелеріне тиесілі осындай активтер туралы ақпаратты кезекпен енгізесіз.
Сондай-ақ отбасының әрбір мүшесінің орташа айлық табысы көрсетіледі.
Үшінші қадам – алдын ала бағалау нәтижесі
Бұл – процестің үшінші кезеңі.
Тексерілген және өзіңіз енгізген барлық деректер негізінде отбасыңыздың әл-ауқат деңгейі туралы алдын ала нәтиже бірден көрсетіледі.
Нәтижеден кейін экранда шағын сауалнама пайда болады. Онда азаматтар сервис жұмысына бес балдық шкала бойынша баға бере алады немесе өз пікірін еркін түрде қалдыра алады.
Азаматтардың пікірі біз үшін өте маңызды. Ол калькулятордың дәлдігін арттырып, оны пайдаланушылар үшін барынша ыңғайлы етуге мүмкіндік береді.
Калькулятор тек алдын ала бағалауға арналған және анықтамалық сипатқа ие.
Есептеу нәтижесі, онымен келісу немесе келіспеу, сервиске берілген баға немесе қалдырылған пікір әлеуметтік жәрдемақыларды тағайындауға, олардың мөлшеріне немесе төленуін жалғастыруға ешқандай әсер етпейді.
Бұл жәрдемақыдан бас тарту туралы өтініш болып саналмайды және төлемдерді тоқтатуға немесе уақытша тоқтата тұруға негіз бола алмайды.
Есептеу нәтижесі енгізілген деректердің толықтығына тікелей байланысты. Себебі әрбір көрсеткіш қорытынды бағаға әсер етеді.
Егер отбасы мүшелерінің бірі жүйеге енгізілмесе немесе оның табысы мен мүлкі туралы мәліметтер көрсетілмесе, есептеу нәтижесі дәл болмайды және отбасының нақты жағдайын толық көрсетпейді.
Сондықтан есептеуді аяқтамас бұрын отбасының барлық мүшесі жүйеге енгізілгенін және мәліметтердің толық көрсетілгенін мұқият тексеру ұсынылады.
Мүлік туралы мәліметтерден қате анықталған жағдайда не істеу керек?
Егер өзіңізге тиесілі мүлік туралы мәліметтерде қате мәлімет байқасаңыз, оны ресми тәртіппен түзетуге болады.
Ол үшін eGov.kz порталының жеке кабинеті немесе eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы уәкілетті органдарға өтініш беруге болады. Сондай-ақ тұрғылықты жеріңіз бойынша Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әлеуметтік қорғау саласын реттеу және бақылау комитетінің аумақтық департаментіне жүгінуге болады.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі азаматтарды тек министрліктің ресми ресурстарын пайдалануға шақырады.
Министрліктің әл-ауқатты бағалау калькуляторы тек eGov.kz порталында және eGov Mobile ресми мобильді қосымшасында қолжетімді.
Мессенджерлерде, әлеуметтік желілерде, бөгде сайттарда орналастырылған немесе SMS-хабарламалар арқылы жіберілетін сілтемелер бойынша қолжетімді калькуляторлар – жалған сервистер.
2026 жылғы 16 қарашада Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Отбасының цифрлық картасы қазақстандықтардың материалдық жағдайын қалай бағалайтынын түсіндірді.