Жамбыл облысында танысын пышақтаған ер адам мемлекетке 436 мың теңге өтейтін болды
Фото: pxhere
2026 жылғы 16 қарашада Жамбыл облыстық соттарының баспасөз қызметі хабарлағандай, 2026 жылғы ақпанда М. есімді ер адам Жуалы аудандық сотының үкімімен денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін сотталған.
Ол танысымен жанжалдасу кезінде ер адамды пышақтап алған.
"Соның салдарынан жәбірленуші ауыр жарақаттар алған. Атап айтқанда, кеуде қуысына тесіп өткен жарақат түсіп, өкпесі зақымданған. Бұл асқынуларға байланысты шұғыл хирургиялық ота жасалып, ауруханада емделу қажет болды", – делінген хабарламада.
Асқынуларға байланысты жәбірленушіге шұғыл ота жасалып, стационарлық ем қажет болған. Медициналық көмек көрсетуге мемлекеттік бюджеттен 436 мың теңге жұмсалған.
Бұл шығындар сотталған адамның қылмыстық әрекетінен туындағандықтан, аудан прокуроры оларды өтеу туралы талап арызбен сотқа жүгінген.
Іс материалдары мен ұсынылған дәлелдерді зерделеген сот прокурордың талабын қанағаттандырды. Ер адамнан мемлекет пайдасына 436 мың теңге және мемлекеттік баж өндірілді.
Сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.