Каспийдегі қайғылы оқиға: жүздеген құтқарушы, сүңгуірлер мен авиация іздестіру жұмыстарын жалғастырып жатыр

Сурет: Telegram/modgovkz
Маңғыстау облысында Каспий теңізіне ағызып әкеткен әскери қызметшілерді іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұл туралы бүгін, 2026 жылғы 25 қыркүйекте, Қазақстан Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

"Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев төрағалық ететін Үкіметтік комиссияның тапсырмасы бойынша Каспий теңізінің акваториясында іздестіру-құтқару жұмыстары тәулік бойы үздіксіз жүргізіліп жатыр", – делінген хабарламада.

Ведомство мәліметінше, оқиға орнындағы іздестіру-құтқару жұмыстарына Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов тікелей басшылық етеді.

"Құрылған жедел штаб құрамына Қорғаныс министрлігінің, ҰҚК Шекара қызметінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің, Ішкі істер министрлігінің және Маңғыстау облысының жергілікті атқарушы органдарының өкілдері кірді. Ауқымды іздестіру-құтқару жұмыстарына 252 адам, 34 арнайы жерүсті техникасы, 37 әскери сүңгуір, 14 кеме мен катер, сондай-ақ төрт тікұшақты қоса алғанда, 20-дан астам әуе кемесі жұмылдырылды. Ведомстволардың күштері мен құралдары теңіз айдынын, жағалау белдеуін және оған іргелес аумақтарды әуеден үздіксіз патрульдеп, тексеріп жатыр", – деп хабарлады Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

Айта кетейік, оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды. Арнайы комиссия болған жағдайдың себептері мен мән-жайын анықтау үшін тергеу шараларын жүргізіп жатыр. Қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына және зардап шеккендерге қажетті материалдық және психологиялық көмек көрсетіледі.


"Оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде ауа райы кенеттен күрт нашарлап, екпінді жел соғуы салдарынан 17 әскери қызметшіні ашық теңізге ағызып әкетті. Жедел қабылданған шаралардың нәтижесінде үш әскери қызметші құтқарылды, екеуін іздестіру жалғасып жатыр. Өкінішке қарай, 12 әскери қызметші қаза тапты", – деп еске салды Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

2026 жылғы 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында әскери-теңіз оқу-жаттығуы кезінде әскери қызметшілерді Каспий теңізіне ағызып әкетті. Олар теңіз жағалауында оқу-жауынгерлік тапсырмаларды орындап жатқанда ауа райы күрт нашарлап, жел күшейген.

Бастапқыда теңізге 19 әскери қызметшіні ағызып әкеткені хабарланған. Кейін Маңғыстау облысының әкімдігі бұл санды нақтылап, 17 адам екенін мәлімдеді.

Бас прокуратураның хабарлауынша, Ақтау гарнизонындағы оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза табуына байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр. Жедел-тергеу тобы құрылды.

Сондай-ақ Маңғыстау облысында әскери қызметшілердің қаза табу себептерін анықтау үшін Үкіметтік комиссия құрылды. Оны Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев басқарады.

Қазақстан
Ақтау

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Димаш Құдайбергеннің әлемге әйгілі болуының сыры неде: Шоумен пікір білдірді

Каспийдегі әскери оқу-жаттығулар кезінде қаза тапқан сарбаздардың тізімі жарияланды

Елімізде 25 қыркүйек жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды

"Құрметті азамат" атағы кімдерге және қалай беріледі

Шымкентте перинаталдық орталық пен әуежайдың екінші ұшу-қону жолағын салуға 33,5 млрд теңге бөлінді