ШҚО-да жол жөндеу кезінде табылған адам сүйегіне қатысты тың дерек шықты
Фото: Zakon.kz
"ОСА" қоғамдық бірлестігінің редакциясына Өскемен – Риддер тасжолының Радуга ауданы маңында жұмыс кезінде қолы мен аяғы байланған қыздың сүйегі табылғаны туралы видео жолданған.
Желіде жарияланған жазбаларда оқырмандардың бірі табылған сүйектердің өзен маңында қиыршық тас өндіру жұмыстарына қатысы болуы мүмкін деген болжам айтқан.
"Біздің Быструха ауылында көпірдің жанынан күн сайын қиыршық тас алады. Өзеннің бар құмын тасып әкетті. Сүйектерді де топырақпен бірге Быструхада тапқан. Оны ағыс алып келген болуы мүмкін. Енді оның ол жерге қалай түскенін кім білсін", – делінген куәгердің сөзінде.
Оқиғаға қатысты өңірлік полиция департаментінің баспасөз қызметі түсінік берді. Полиция тергеу басталғанын растағанымен, әлеуметтік желідегі ақпаратқа қайшы келетін маңызды жайттарды нақтылады.
"Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, табылған қаңқа ер адамның сүйегіне жатады. Қазіргі уақытта мәйіттің кім екенін және өлім себебін анықтау шаралары қолға алынды. Қол-аяғы байланған деген ақпарат шындыққа жанаспайды", – деп хабарлады ШҚО полиция департаменті Zakon.kz редакциясына.
Ведомство тергеу мүддесіне байланысты Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер әзірге жарияланбайтынын атап өтті.
Сондай-ақ полицейлер тұрғындарды тек ресми ақпаратқа сүйенуге және жұртшылық арасында алаңдаушылық тудыратын расталмаған болжамдарды таратпауға шақырды.