Қанат Бозымбаев Каспийдегі қайғылы оқиға бойынша Үкіметтік комиссия отырысын өткізді

Сурет: Маңғыстау облысы әкімдігі
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен Үкіметтік комиссияның отырысы өтті. Онда алғашқы тергеу шараларының нәтижелері және болған оқиғаның барлық себептері мен мән-жайын анықтау бойынша алдағы жұмыстар қаралды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтің айтуынша, әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты Қылмыстық кодекстің 453-бабының 2-бөлігі ("Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау") және 465-бабы ("Кеме жүргізу қағидаларын бұзу") бойынша қылмыстық істер қозғалды.

"Тергеу барысында әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, оқу-жаттығуды ұйымдастыруға және құтқару шараларын өткізуге байланысты заң бұзушылықтарға жол берді деген күдікке ілінген лауазымды тұлғалар анықталды. Олардың әрекеттеріне құқықтық баға беріліп жатыр", – деді Әділов.

Оқиғадан кейін құтқарылған әскери қызметшінің жағдайы да бөлек қаралды. Денсаулық сақтау вице-министрі Манас Рамазановтың мәліметінше, оның жағдайы тұрақты, өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Әскери қызметші есін жиды және қажетті медициналық көмектің барлығын алып жатыр. Оның жанында ата-анасы бар.

"Отырыс барысында қаза болған және зардап шеккен әскери қызметшілердің отбасыларына жан-жақты қолдау көрсету бойынша нақты тапсырмалар берілді. Атап айтқанда, түсетін барлық қаражаттың бөлінуін толық ашық қамтамасыз ету тапсырылды. Бұл ретте материалдық көмек заң бойынша көзделген мемлекеттік төлемдер мен өтемақыларды ғана емес, бизнес өкілдері мен меценаттардың қаржылай қолдауын да қамтиды", – делінген Маңғыстау облысы әкімдігінің хабарламасында.

Осы қаражатты жинақтау үшін әкімдік арнайы қорды анықтады. Оның қызметі тұрақты бақылауда болады.

2026 жылғы 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында әскери-теңіз оқу-жаттығуы кезінде 17 әскери қызметшіні Каспий теңізіне толқын алып кетті. Олардың үшеуі құтқарылып, 14 адам қаза тапты. Қаза болғандардың арасында самбодан Қазақстан чемпионатының жасөспірімдер арасындағы күміс жүлдегері Сержан Аяпберген де бар.

Қайғылы оқиғаны тергеу үшін Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев басқаратын Үкіметтік комиссия құрылды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаза болған әскери қызметшілердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, 25 қыркүйекті Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.

Қазақстан
Ақтау
Бозымбаев Қанат

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Димаш Құдайбергеннің әлемге әйгілі болуының сыры неде: Шоумен пікір білдірді

Каспийдегі әскери оқу-жаттығулар кезінде қаза тапқан сарбаздардың тізімі жарияланды

Елімізде 25 қыркүйек жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды

"Құрметті азамат" атағы кімдерге және қалай беріледі

Нұрсұлтан Назарбаев Каспийдегі қайғылы оқиғаға байланысты көңіл айтты