Қазнетте тараған видео құқық қорғау органдарының назарын бірден аударған. Полиция түсірілімге қатысушыларды жедел анықтап, полиция бөліміне жеткізді. Құқық бұзушылардың жергілікті тұрғындар екені және олардың жасы 19 және 22-де болғаны анықталды.
Полицияның мәліметінше, 19 жастағы жігіт ВАЗ-2114 көлігін тізгіндеп, техникалық жағдайына байланысты пайдалануға тыйым салынғанына қарамастан, қарсы қозғалыс жолағына шыққан. Сонымен қатар ол қауіпсіздік белдігін тақпаған.
Осы уақытта 22 жастағы Mercedes жүргізушісі көлікпен қатар келе жатып, болып жатқан жағдайды рөлде отырып ұялы телефонға түсірген. Осылайша ол гарнитурасыз гаджет пайдалану ережесін бұзған.
"Жасалған құқық бұзушылықтар бойынша екі жүргізушіге қатысты бес әкімшілік материал толтырылды. Көлік құралдары арнайы тұраққа қойылды", – деп түсіндірді Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Ведомство жарыс ұйымдастыру және жолда қауіпті видеолар түсіру жол қозғалысына қатысушылардың өміріне тікелей қауіп төндіретінін тағы бір рет еске салды.
Бұған дейін Қызылордада полицейлер бейнебақылау камераларының көмегімен қала көшелерінде қауіпті әрекеттер жасаған 21 жастағы мас жүргізушіні анықтап, ұстаған болатын.