2026 жылғы 29 қыркүйекте жарияланған тергеу деректеріне сәйкес, Қазақстан аумағы арқылы жалпы құны 11,2 млрд теңге болатын шамамен 130 мың тонна астық экспортталған. Өнім Өзбекстанға, Ауғанстанға және Тәжікстанға жөнелтілген.
Бұл істі жүзеге асыру үшін алдын ала коммерциялық компаниялар номиналды басшылардың атына тіркелген. Кейін бұл компаниялар мен қазақстандық шаруа қожалықтары арасында астық сатып алуға қатысты жалған келісімшарттар жасалған.
Осының арқасында импорттық астықты қазақстандық өнім ретінде рәсімдеп, оны тасымалдауға жеңілдікті тариф алуға мүмкіндік туған.
"Бұл іске Bakery Nan, KazGrano, Perfect Seed, Weizen және Golden Grain Kazakhstan ЖШС-лері қатысқан", – деп хабарлады ҚМА баспасөз қызметі.
ҚМА мәліметінше, транзиттік тарифтің төленбеуі салдарынан "ҚТЖ – Жүк тасымалы" компаниясына 1 млрд теңгеден астам залал келтірілген. Сонымен қатар күдіктілер бақылауындағы компаниялардың шоттарынан ақшаны үлестес ұйымдардың шоттарына аударған. Ведомствоның хабарлауынша, осылайша олар салық берешегін өндіріп алудан және кредиторлар алдындағы міндеттемелерін орындаудан жалтаруға тырысқан.
Нәтижесінде мемлекетке 1,2 млрд теңге көлемінде залал келтірілген.
Іс бойынша бес адам күдікті деп танылды. Сотқа дейінгі тергеу аяқталып, процеске қатысушылар қылмыстық іс материалдарымен танысып жатыр.
ҚМА мәліметінше, ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етілмейді.