Қазір автотұрақ ақысы сағатына 100 теңге тұрады. Бұл тариф 2016 жылдан бері өзгермеген. Осы уақыт ішінде Алматыдағы автокөлік саны 1 миллионнан асып, жолдар мен автотұрақтарға түсетін жүктеме артқан.
Енді автотұрақ ақысы нақты аймаққа байланысты болады:
- сағатына 100 теңге – жүктемесі төмен учаскелерде;
- сағатына 150 теңге – жүктемесі орташа аймақтарда;
- сағатына 200 теңге – тұрақ орындары тапшы, сұраныс ең жоғары учаскелерде.
Қалалық басқармада атап өткендей, өзгерістердің басты мақсаты – автотұрақ орындарының қолжетімділігін арттыру. Жүргізушілер бос орын іздеуге көп уақыт жұмсайды, бұл жолдарға түсетін жүктемені де арттырады.
Ақылы автотұрақтардың жанында орналасқан үйлердің тұрғындары үшін тұрғылықты жері бойынша тегін тұраққа қою мүмкіндігі сақталады. Тұрғын үй иелері үйінің жанындағы таңдаған автотұрағына бір автокөлікті тегін қоюға рұқсат рәсімдей алады.
Сондай-ақ пайдаланушылардың жекелеген санаттары үшін жеңілдіктер қолданыла береді.
Қала билігі жаңа тарифтер автотұрақ іздеуге кететін уақытты қысқартуға, тоқтау және тұраққа қою ережелерін бұзу санын азайтуға әрі тұрақ орындарын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді деп күтеді.