2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында Қазақстанда кохлеарлық имплантация бойынша 225 операция жасалды. Пациенттердің басым бөлігі – бала. Оның ішінде 169 кәмелетке толмаған балаға имплант орнатылды. Олардың 124-і – бес жасқа толмаған бала. Операцияларға мемлекеттік кепілдіктер шеңберінде 1,81 млрд теңге бөлінген, деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігі.
Кохлеарлық имплантация терең есту қабілетінен айырылған, ал кәдімгі есту аппараттары қажетті нәтиже бермейтін жағдайда жасалады. Ведомство есту қабілетінің бұзылуын мүмкіндігінше ерте анықтаудың аса маңызды екенін атап өтті. Себебі өмірдің алғашқы жылдарында есту арқылы қабылдау мен сөйлеу қабілеті белсенді қалыптасады.
Операцияның өзі – емдеудің алғашқы кезеңі ғана. Шамамен бір айдан кейін имплант іске қосылып, бапталады. Осыдан кейін сурдологтар мен сурдопедагогтардың қатысуымен ұзақ мерзімді есту-сөйлеу оңалтуы басталады. Ата-аналарға үй жағдайында жалғастыру қажет жаттығуларды орындау да үйретіледі.
Денсаулық сақтау министрлігі бала дауысқа және үйреншікті дыбыстарға реакция білдірмесе, атымен шақырғанда жауап бермей қалса немесе сөйлеу қабілетінің дамуында айтарлықтай кешігу байқалса, оның есту қабілетін тексеруге кеңес береді.