Премьердің айтуынша, бұл мәселе бірыңғай телеметрияның, біріктірілген деректер мен аналитикалық құралдардың болмауынан білінеді.
"Жаңа жобалар бұл мәселені шешуге бағытталған. Энергетикалық жүйе болжамды цифрлық алгоритмдер негізінде басқаруға көшуі керек. Бұл түрлі жағдайларға жедел ден қоюға, апаттардың алдын алуға және энергетикалық нысандар жұмысының сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Осыған байланысты Энергетика министрлігі саланың негізгі нысандары мен ақпараттық жүйелерін деректерді Energy Command Center жүйесіне шығара отырып, бірыңғай цифрлық контурға біріктіруді қамтамасыз етуі қажет. Ағымдағы жылдың соңына дейін негізгі нысандарға цифрлық түгендеу жүргізіп, салалық деректердің құрамы, сапасы және берілуіне қойылатын бірыңғай талаптарды бекіту қажет", – деді Бектенов.
Ол мұнай-газ саласында кен орындарының жетілуі және өндіруі қиын қорлардың үлесі артып келе жатқан кезде рентабельділік пен технологиялық тиімділікті сақтау мәселесі өзекті болып отырғанын атап өтті.
"Жасанды интеллект технологиялары мен цифрлық егіздерді енгізу іс жүзінде өзінің тиімділігін көрсетіп отыр және өндірістік процестерді басқарудың негізгі стандартына айналуы тиіс. Энергетика министрлігіне "Самұрық-Қазына" қорымен және "ҚазМұнайГаз" компаниясымен бірлесіп, бұл шешімдерді барлық өндірістік активтерге ауқымды түрде енгізуді қамтамасыз етуді тапсырамын. 2028 жылдың соңына дейін 12 негізгі кен орнында цифрлық егіздерді толық іске қосу қажет", – деп тапсырды премьер-министр.
Бұған дейін Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Қазақстанда ЖИ шенеуніктерді алмастыра ала ма деген сұраққа пікір білдірген.