Бұл туралы бүгін, 2026 жылғы 8 қазанда Ұлттық ұланның баспасөз қызметі мәлімдеді.
"Әуе кемесінің тарихы 1981 жылы басталды. Ұшақ Киев авиация зауытында жасалып, алғашқы 10 жыл бойы КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Шекара әскерлері авиациясында қызмет етті. Оның негізгі базасы Қазақ КСР аумағында орналасқан еді. Ан-26 оңтүстік шекараны күзету, әскери қызметшілер мен жүктерді тасымалдау міндеттерін орындау үшін пайдаланылды. 1992 жылдан бастап Ан-26 Ұлттық ұлан авиациясының құрамында қызметін жалғастырды. Пайдаланылған жылдар ішінде ұшақ жеке құрам мен жүктерді тасымалдап, өзге де қызметтік міндеттерді орындауға тартылды", – делінген хабарламада.
Ведомство Ан-26 ұшағы ұзақ жылдар бойы әскери қызметшілер мен жүктерді қауіпсіз тасымалдап, өзінің сенімділігін және қызметтік ұшуларды орындауға дайындығын үнемі дәлелдегенін атап өтті.
Сонымен қатар Ан-26 заманауи талаптарға сай жаңғыртылып, Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандарттарына сәйкестендірілді. Бұл Қазақстан аумағында ғана емес, жақын шетелдерге де ұшуға мүмкіндік берді.
Ұлттық ұлан авиациясындағы қызметі кезінде Ан-26 ұшағы әуеде 8400 сағат өткізді. Оның жалпы пайдалану мерзімі 44 жылды құрады.
Соңғы ұшу осы ұшақты ұзақ жылдар бойы басқарған экипаж үшін де ерекше болды. 3656 әскери бөлімінің ұшқышы, подполковник Медет Сейтов Ан-26 ұшағымен 15 жыл бойы ұшқан. Ол осы әуе кемесі экипажының құрамындағы соңғы ұшқыш-нұсқаушы болды. Соңғы ұшу аяқталғаннан кейін экипаж мүшелері қызметінің елеулі бөлігін бірге өткерген ұшақпен қимастықпен қоштасты.
"Ан-26 пайдаланудан шығарылуымен Қазақстанның әскери авиациясындағы осы үлгідегі ұшақтардың тарихы аяқталды. Әскери-көлік ұшағы 44 жылдық қызметінде әуеде 8400 сағат өткізіп, көптеген міндетті орындады. Енді оның көпжылдық қызметі аяқталды", – деп хабарлады ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі.
2026 жылғы 2 қазанда Ұлттық ұланда қызметтестері "Гулливер" атап кеткен ерекше қатардағы жауынгер туралы айтылған болатын.