Мемлекет басшысы Қазақстанда жасанды интеллектінің біртұтас экожүйесін қалыптастыру жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті.
"Қазақстан жасанды интеллектінің біртұтас экожүйесін дәйекті түрде құра бастады. "Жасанды интеллект туралы" заң қабылданды. Digital Qazaqstan стратегиясы жүзеге асырылуда. Суперкомпьютер кластері іске қосылды. Alem.ai халықаралық орталығы жұмыс істеп тұр", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент жасанды интеллект тақырыбының өзектілігін ескере отырып, осы салада Орталық Азия серіктестігін құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Оның айтуынша, мұндай серіктестік аясында мемлекеттердің ғылыми орталықтары, университеттері мен технологиялық компаниялары ақпарат және тәжірибе алмаса алады.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев нейрожелілерді қауіпсіз пайдаланудың маңызын атап өтті.
"Меніңше, аса маңызды технологияларды бақылаудың бірлескен тәсілдерін әзірлеуге уақыт оздырмай кірісу керек. Осыны ескере отырып, Қазақстан Орталық Азия елдері мен Әзербайжанға жасанды интеллектіні жауапкершілікпен қолдану туралы декларация әзірлеуді ұсынды", – деді Президент.
Мемлекет басшысы жасанды интеллектіні дамытуға қатысты қауіп-қатерлер халықаралық деңгейде белсенді талқыланып жатқанын атап өтті.