Прокуратураның мәліметінше, "А" азаматы 2024 жылдан бері баласын асырауға тиісті алиментті төлемеген. Алайда осы уақыт аралығында ол бәс тігуге шамамен 4 млн теңге жұмсаған.
Осыған байланысты борышкерге қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 139-бабы бойынша, яғни алимент төлеу жөніндегі міндеттерді орындаудан жалтару фактісі бойынша қылмыстық іс тіркелді.
Тергеу барысында ер адам 2,6 млн теңге көлеміндегі алимент берешегін толық өтеген.
Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы Әділет департаментімен және Өңірлік жеке сот орындаушылары палатасымен бірлесіп алимент өндіру бағытындағы жұмысты жалғастырып жатыр.
"2026 жылдың басынан бері алимент төлеуден жалтарған 13 борышкер қылмыстық жауаптылыққа тартылған. Прокурорлардың қабылдаған шараларының нәтижесінде 600-ден астам баланың пайдасына 250 млн теңгеден астам алимент өндірілген". Батыс Қазақстан облысы прокуратурасы
Сонымен қатар, сот орындаушылары тарапынан жіберілетін заң бұзушылықтарға жедел ден қою үшін облыста тамыз айынан бастап Call-орталық жұмыс істейді. Байланыс нөмірі: 8 708 024 89 30.
Облыс прокуратурасы алименттердің уақытылы төленуін қамтамасыз ету, борышкерлердің жауаптылығын қамтамасыз ету және балалардың заңды құқықтарын қорғау бағытындағы жұмысты жалғастыратынын мәлімдеді.