Жарқын Болатұлы өз сөзін растау үшін Threads әлеуметтік желісінде eGov жеке кабинетінен алынған скриншоттарды жариялады.
"Емханаға бір рет те барған емеспін, бірақ ай сайын менің атыма 8-10 қабылдау тіркелген. Бұл – бір айға ғана қатысты скриншоттар, кейбірін өткізіп алған да шығармын. eGov-тан қарап шықтым. Гинекологқа да барғанмын", – деп жазды астаналық тұрғын Threads желісінде.
Қоғам назарын аударған жазбаға Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (ӘМСҚ) жауап беріп, мұндай жағдайда не істеу керегін түсіндірді.
"Егер медициналық қызметтер тарихында өзіңіз бармаған қабылдаулар немесе өтпеген тексерулер туралы жазбалар пайда болса, сол медициналық ұйымның Пациенттерді қолдау қызметіне жүгінуді ұсынамыз. Мәліметтердің қандай негізде енгізілгенін анықтау маңызды. Деректерді толтыру кезінде қате кеткен болуы мүмкін. Егер мәселені сол жерде шеше алмасаңыз, ӘМСҚ-ға жүгіне аласыз. Өтінішіңіз негізінде көрсетілген деректерді тексеру үшін жоспардан тыс мониторинг бастауға құқылымыз", – деп түсіндірді қор өкілдері.
ӘМСҚ мәліметінше, өтінішті қордың ресми сайтындағы "Өтініш беру" бөлімі арқылы жолдауға болады. Ол үшін жеке деректерді, өңірді, медициналық ұйымның атауын көрсетіп, растайтын файлдарды тіркеу қажет.
Сондай-ақ азаматтар Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы немесе e-Otinish платформасы арқылы өтініш бере алады.