Бұл туралы ол Facebook парақшасында жазды.
"Президент Тоқаевтың Қазақстандағы 77 мың медицина қызметкерінің жалақысын көтеруге бағытталған бастамасын, сондай-ақ халықтың денсаулығы мен әл-ауқатын мемлекеттік саясаттың негізіне айналдыруға деген ұмтылысын құптаймын. Алғашқы медициналық-санитариялық көмекке инвестиция салып, жалпы практика дәрігерлерінің мүмкіндіктерін кеңейтіп, медицина қызметкерлеріне қолдау көрсету арқылы Қазақстан саяси көшбасшылықтың медициналық қызмет сапасы мен оның халық үшін қолжетімділігін арттыруға қалай ықпал ете алатынын көрсетіп отыр", – деп жазды Тедрос Аданом Гебрейесус 2026 жылғы 31 қазанда.
ДДҰ басшысы осыдан 50 жылға жуық уақыт бұрын Қазақстан Алматы декларациясы арқылы "Баршаға арналған денсаулық" тұжырымдамасының жаһандық бағытын қалыптастыруға үлес қосқанын еске салды.
"2028 жылы декларацияның қабылданғанына 50 жыл толуына жақындаған тұста Қазақстан осы ұстанымды нақты іске асырудың маңызды үлгісін көрсетіп келеді. Денсаулық сақтау саласындағы саяси қолдаудың маңызы зор. Жол көрсетіп отырғаның үшін рақмет, Қазақстан!" – деп түйіндеді Тедрос Аданом Гебрейесус.
Өз кезегінде Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігі учаскелік қызмет мамандарының жалақысын көтеру тек материалдық қолдау шарасы емес, сонымен қатар олардың денсаулық сақтау жүйесіндегі маңызды рөлін мойындау екенін мәлімдеді.
"Науқас денсаулық сақтау жүйесімен ең алдымен осы мамандар арқылы байланыс орнатады. Олар пациенттерді үздіксіз бақылап, ауруларды ерте кезеңде анықтауға көмектеседі және халық денсаулығын сақтауға елеулі үлес қосады", – делінген ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігі ДДҰ бас директоры Тедрос Аданом Гебрейесуске Мемлекет басшысының шешімдеріне жоғары баға беріп, елдің алғашқы медициналық көмек жүйесін нығайту жөніндегі күш-жігеріне қолдау білдіргені үшін алғыс айтты.