Тиісті қаулыны – "Зейнетақы активтерін басқару мәселелері бойынша ҚР Ұлттық Банкі басқармасының және ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі басқармасының қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" құжатты Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) 2026 жылғы 30 қазанда қабылдады.
"Бұл салымшыларға жеке қалауы мен тәуекелдің қолайлы деңгейін ескере отырып, инвестициялау бағытын өз бетінше таңдауға, сондай-ақ зейнетақы активтерін әртүрлі инвестициялық портфельдері бар бірнеше ИПБ-ның басқаруына беру арқылы әртараптандыруға мүмкіндік береді. Салымшылар зейнетақы жинақтарының 100%-ына дейінгі бөлігін ИПБ-ның сенімгерлік басқаруына беру құқығына ие болды", – деп түсіндірді ҚНРДА 2026 жылғы 3 қарашада.
Сонымен қатар бір ИПБ-ның бірнеше инвестициялық портфелі арасында активтерді бөлу мүмкіндігі енгізіледі.
"Зейнетақы активтерінің стратегиялық маңызын ескере отырып, ИПБ инвестициялай алатын активтердің қолданыстағы тізімі сақталады. Бұл ретте активтер салымшылардың БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шоттарында қала береді. Оларды сақтау мен есепке алуды қаражаттың мақсатты орналастырылуын бақылайтын кастодиан банк қамтамасыз етеді", – деп хабарлады ведомство.
Салымшыларды қорғау мақсатында ИПБ-ның зейнетақы активтерінің нақты кірістілігі мен ең төменгі кірістілік деңгейі арасындағы теріс айырманы өз қаражаты есебінен өтеу міндеттемесі де сақталады. Бұл талап ИПБ басқаруына берілген зейнетақы активтерінің сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Қазіргі уақытта зейнетақы активтерін алты ИПБ басқарады. 2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша олардың басқаруындағы зейнетақы активтерінің көлемі 205,8 млрд теңгені құраған. Бұл 2026 жылдың басынан бері 117,3 млрд теңгеге немесе 132,7%-ға артқан.
"Қабылданған шаралар ұзақ мерзімді кірістілікті арттыруға, ИПБ басқаруындағы зейнетақы активтерінің көлемін ұлғайтуға, басқару икемділігін арттыруға және жеке басқарушылар арасындағы бәсекелестікті дамытуға ықпал етеді деп күтілуде. Нәтижесінде зейнетақы активтерін инвестициялау тиімділігі артады", – деп түйіндеді ҚНРДА өкілдері.
Бұған дейін қазақстандықтарға зейнетақы активтерін жеке басқаруға берген жағдайда мемлекет нақты енгізілген зейнетақы жарналарының сақталуына кепілдік беретінін түсіндірген болатын. Алайда салымшы өз еркімен таңдаған инвестициялық тәуекел үшін жауапкершілік толығымен оның өзіне жүктеледі.
Сондықтан жеке басқарушы компанияны таңдамас бұрын оның инвестициялық стратегиясымен және ықтимал тәуекелдерімен мұқият танысу ұсынылады.