Әлеуметтік желілерде Атыраудағы базарлардың бірінде түсірілген болуы мүмкін видео тарады. Кадрларда никаб киген екі әйел парфюмерия сатып, оқырмандарымен тікелей эфирде сөйлесіп отырғаны көрінеді.
Тікелей эфир кезінде олар күмәнді мәлімдемелер жасаған. Атап айтқанда, әйелдер өздерін "террористерміз" деп атап, 20 жылдан бері солай екенін айтқан. Сондай-ақ ҰҚК қызметкерлерін сөз етіп, оларды көршілері әрі жақсы қарым-қатынастағы адамдар ретінде сипаттаған.
Жарияланым әлеуметтік желі қолданушыларының наразылығын тудырды. Көпшілік эфирге қатысқан әйелдердің сөздерін тексеріп, оларды жауапқа тартуды талап етті.
Видео тарағаннан кейін полиция қызметкерлері әйелдердің жеке басын анықтады. Олар 38 және 39 жастағы екі азаматша болып шықты. Екеуі де полиция басқармасына жеткізілді.
Полицияның мәліметінше, әйелдерге қатысты үш әкімшілік іс қозғалған. Олар ұсақ бұзақылық, құқыққа қайшы контент тарату және қоғамдық орындарда бетті тануға кедергі келтіретін киім кию деректері бойынша жауапқа тартылмақ.
Іс материалдары сотқа жолданды.
Полиция тікелей эфир мен әлеуметтік желілер азаматтарды заң бұзғаны үшін жауапкершіліктен босатпайтынын еске салды. Кез келген құқыққа қайшы әрекетке заң аясында баға беріледі.