Жоба әкімшілігі осыған байланысты ескерту жасады.
"Құрметті пайдаланушылар! Белгісіз нөмірлерден БАКАД арқылы жүру ақысын бөгде сілтемелер арқылы жеңілдікпен төлеуді ұсынатын SMS-хабарламалар тарату жағдайлары тіркелді. Бұл хабарламалардың алаяқтық сипатта екенін ескертеміз", – делінген хабарламада.
Автокөлік иелерінен:
- SMS арқылы келген күмәнді сілтемелерге өтпеу;
- жол ақысын белгісіз немесе бөгде ресурстар арқылы төлемеу;
- мұндай сілтемелер арқылы банк деректері мен жеке ақпаратты бермеу сұралды.
БАКАД арқылы жүру ақысын ресми түрде банктердің мобильді қосымшалары, жоба порталы және Qiwi әмияны арқылы төлеуге болады.
Сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар жеке шотты толықтыру үшін Оператордың есепшотына банктік аударым жасай алады.
"Сіздерді қырағы болуға, тек ресми төлем тәсілдерін пайдалануға және жақындарыңызды ықтимал қауіптер туралы ескертуге шақырамыз", – делінген үндеуде.
Еске салайық, бұған дейін Ішкі істер министрлігі қазақстандықтарға интернет арқылы қысқы дөңгелек сату кезінде жасалатын алаяқтық әдіс-тәсілдердің көбейгенін хабарлаған болатын.