Оған және тағы бір сотталушыға пара алды деген айып тағылған.
"Сот анықтағандай, 2025 жылғы қыркүйек пен қазан айлары аралығында басқарма басшысының міндетін атқарушы қызметін атқарған сотталушы Ресей Федерациясының азаматына Батыс Қазақстан облысындағы өткізу бекеттері арқылы жүк көліктерін кедергісіз өткізу үшін пара алуға келіскен. Жалпы қамқорлық көрсету, заңбұзушылықтарға көз жұму және жүк көліктерінің Ресейден Қазақстанға кедергісіз өтуіне жәрдемдесу үшін лауазымды тұлғаға 100 млн теңге берілген. Әңгіме жалпы саны 1 003 жүк көлігін өткізу туралы болып отыр", – деп хабарлады 2026 жылғы 5 қарашада Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты.
Ал екінші сотталушы ақшаны беру кезінде делдал болған. Ол бұл қызметі үшін 24,8 млн теңге алған.
Сот үкімімен бұрынғы мемлекеттік қызметші кінәлі деп танылып, мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 10 жылға бас бостандығынан айырылды.
Ал делдал мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырыла отырып, 1 жыл 6 айға сотталды.
Сондай-ақ сот қылмыстық жолмен алынған ақшаны мемлекет кірісіне тәркілеу және сотталғандардан заңсыз алынған қаражатты өндіріп алу туралы шешім шығарды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Бұған дейін Ресейден бидай тасымалдаған тағы бір кәсіпкер шекарадан артық жүк тиелген жүк көліктерін өткізу үшін Көліктік бақылау инспекциясының қызметкері "тарифті" көтергеннен кейін ҰҚК-ге шағымданған еді. Нәтижесінде мемлекеттік қызметші жалпы сомасы 170 мың теңге пара алды деген айыппен сот алдында жауап берді.