Қазақстанда "Яндекстің" бес компаниясын жоспардан тыс тексереді

Фото: unsplash
Қазақстанда такси қызметіндегі ақаудан кейін "Яндекстің" бес компаниясына жоспардан тыс тексеру жүргізіледі. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz.

14 қазанда Құрылтай депутаты Ләззат Жылқыбаева Бас прокурор Берік Асылов пен Жаслан Мәдиевке "Яндекс" сервистерінің жаппай істен шығуына байланысты депутаттық сауал жолдаған. Оның айтуынша, азаматтардың телефон нөмірі, мекенжайы, жүріп-тұру бағыты мен төлем деректерін өңдейтін сервис шетелдегі бір ақауға байланысты күн сайын тоқтап қалса, бұл деректердің нақты қай елде және қандай құқықтық тәртіппен өңделетінін ашық анықтау қажет.

"Жеке деректерді өңдейтін ұйымдардың қызметіне мемлекеттік бақылау жүргізу аясында ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі өз құзыреті шегінде жеке деректерді қорғау жүйесін жетілдіру шараларын жүзеге асырып жатыр. Бұл ретте деректерді жинау, өңдеу және сақтау кезінде заңнама талаптарының сақталуын бақылауға ерекше мән беріледі. Қазақстанда тіркелген "Яндекс" компаниясының бес заңды тұлғасына ("Яндекс Қазақстан" ЖШС, "Yandex Bastau" ЖШС, "Яндекс. Такси Корп" ЖШС, "Яндекс. Еда Казахстан" ЖШС, "Яндекс LLP") осы жылдың қараша айының соңына дейін жеке деректерді қорғау саласындағы ҚР заңнамасы талаптарының сақталуына қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізіледі", – делінген Жаслан Мәдиeвтің 10 қарашада жарияланған депутаттық сауалға берген жауабында.

Министр тексеру барысында жеке деректерді қорғау туралы заңнама талаптарының орындалуы жан-жақты зерделенетінін атап өтті. Атап айтқанда, деректерді ел аумағында сақтау және оларды қорғау үшін қабылданған ұйымдастырушылық әрі техникалық шаралар тексеріледі.

"Тексеру нәтижесінде белгіленген талаптардың сақталуына баға беріледі. Заңбұзушылықтар анықталған жағдайда уәкілетті орган өз құзыреті шегінде тиісті шаралар қабылдайды. Олардың қатарында заңбұзушылықтарды жою жөніндегі ұсынымдар беру және кінәлі тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесін қарау бар. Тексеру аяқталған соң оның нәтижелері туралы ақпарат БАҚ-та жариялау үшін ұсынылады", – деп сендірді Жаслан Мәдіев.

2026 жылғы 11 қазанда Yandex Go баспасөз қызметі компания сервистерінің жұмысында ақау барын немесе олардың уақытша істемеуі мүмкін екенін хабарлаған. Осыған байланысты компания пайдаланушылардан, жүргізушілер мен курьерлерден қолайсыздық үшін кешірім сұрады.

Компания мәліметінше, "Яндекс" сервистеріндегі ақау деректер орталықтарының зақымдануынан болған. Сондай-ақ компания инженерлері алдымен ең көп адам пайдаланатын сервистердің жұмысын қалпына келтіріп, барлық қызметтің барлық өңірде толыққанды жұмыс істеуі үшін жұмысты жалғастырып жатқанын мәлімдеген.

13 қазанда Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі (БҚДА) inDrive сервисіне ескерту жолдағаны белгілі болды. Бұған "Яндекс Go" жұмысындағы ақаудан кейін такси бағасының үш есеге жуық қымбаттауы себеп болған.

Қазақстан

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Леопард пальтосы сәнге қайта оралды

Тоқаев: Қазақ тілін дамыту – еліміздегі өзге тілдердің дамуына кедергі келтіру емес

Ақтөбеде студенттің жатақханадан құлап қаза табуына қатысты сот басталды

Тұрғын үй кешендерінің бірінші қабатындағы кафе мен мейрамханалар сот шешімімен жабылуы мүмкін

Кез келген тілге қарсы шығу – Жаратқанның адамға берген нығметіне қарсы шығумен бірдей – Президент