Кез келген тілге қарсы шығу – Жаратқанның адамға берген нығметіне қарсы шығумен бірдей – Президент
Сурет: akorda.kz
2026 жылдың 10 қарашасында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамының Х құрылтайында ана тілі мәселесінің мемлекеттік, саяси және ұлттық маңызына тоқталды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Президент қазақ тілінің беделін көтеру баршаға ортақ міндет екенін айтты
"Бүгінгі жиынның мән-мағынасы ерекше. Себебі Ана тілі мәселесі, бұл – мемлекеттік, саяси және ұлттық маңызы бар тақырып. Қазіргі таңда дүние жүзінде тіл өзекті, нәзік мәселеге айналып кетті. Бұл үрдіске бәріміз куә болып отырмыз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент құрылтайда сөз сөйлеген азаматтарға алғыс айтып, олардың ұсыныстарын алдағы жұмыста ескеруге шақырды.
"Салмақты пікірлер, ұтымды ұсыныстар айтылды. Соның бәрін мұқият қарап, алдағы жұмысымызда міндетті түрде ескеру қажет", – деді ол.
Мемлекет басшысы "Қазақ тілі" қоғамының тарихына да тоқталды. Ұйым 1989 жылы академиктер Әбдуәли Қайдар мен Өмірзақ Айтбайұлының бастамасымен құрылған. Тоқаев олардың ісін бүгінгі буын мен тіл мамандары лайықты жалғастырып келе жатқанын айтып, қоғамның әр мүшесіне ризашылығын білдірді.
"„Қазақ тілі" қоғамы – мемлекеттік тілдің мызғымас тұғырын нығайтып жүрген аса маңызды құрылым", – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев жазушы Әбіш Кекілбаевтың "Тіл мерейі – ел мерейі" деген сөзін еске алып, тілдің адамзат дамуындағы орнын атап өтті.
"Тіл – баршамызға ортақ құндылық. Тіл – Алланың құдіретінің арқасында адамдарға берілген үлкен сый әрі мүмкіндік. Тіл – адамзаттың негізгі жетістігі. Адам баласының ойдағыдай дамуының ең басты себебі де – тіл", – деді Мемлекет басшысы.
Президент құрылтайдың басты мақсатын да осы ортақ міндетпен байланыстырды.
"Біз өркениетті ел ретінде ана тіліміз – қазақ тілінің абырой-беделін арттыру үшін бір ел болып табанды жұмыс істеуіміз керек. Бүгінгі жиынның басты мақсат-міндеті де – осы", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript