Министрдің айтуынша, ғылым саласына арналған бірыңғай цифрлық портал қараша айының соңында таныстырылады.
"Қазақстанда ғылым саласына арналған бірыңғай ауқымды цифрлық портал құру үшін үш жылдан бері жұмыс істеп келеміз. 30 қарашада комитетпен бірлесіп, Қазақстан жасанды интеллект зерттеу университетінде үлкен дөңгелек үстел өткіземіз. Онда барлық платформа толық таныстырылады", – деді Саясат Нұрбек.
Ол порталдың көптеген модулі мен жекелеген бөліктері соңғы екі жыл бойы жұмыс істеп тұрғанын атап өтті.
"Енді кез келген ғалым Қазақстанда қандай ғылыми жабдықтар бар екенін көре алады. Бұл қолда бар жабдықтарды қайталап жасамауға немесе қосымша сатып алмауға мүмкіндік береді. Ғылыми зерттеулер мен бағдарламалардың барлық нәтижесі де осы порталға толық жүктеледі. Сонымен қатар 2024 жылдан бері Astana Hub порталының базасында ұлттық ақпараттық жүйенің "бірыңғай терезесі" жұмыс істейді. Осы бағытта бейінді министрлікпен көптен бері бірлесіп жұмыс істеп келеміз. Онда кез келген өтініш беруші немесе азамат қандай жобалар іске асырылып жатқанын, оларға қанша қаражат бөлінгенін, сол қаражатқа не сатып алынатынын, қандай міндеттер орындалғанын және қайсысы орындалмағанын көре алады", – деп толықтырды министр.
Бұған дейін Ғылым және жоғары білім министрлігі ғылыми жобаларға берілген өтінімдерді бұрынғыдан көбірек кері қайтара бастағанын хабарлаған едік.