"Фантастика үшінші қабатта": Саясат Нұрбек қазақстандықтардың отандық ғылымға көзқарасы туралы айтты
Фото: primeminister.kz
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек 2026 жылғы 11 қарашада Құрылтайда өткен брифингте қазақстандықтар мен бизнес өкілдерінің отандық ғылымға неліктен сенбейтінін және бұл көзқарасты қалай өзгерту жоспарланып отырғанын айтты, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.
Министр ғылымды кеңінен насихаттап, оның бизнеспен байланысын нығайту маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, соңғы екі жылда 13 ғылыми хакатон өткізілген. Қатысушылар тікелей кәсіпорындарға барып, ғылыми шешімді қажет ететін техникалық мәселелерді анықтаған.
"Алайда шағын және орта бизнес өкілдері Қазақстанда ғылым жоқ дегенге нық сенеді. Шынын айтқанда, қарапайым азаматтардың да пікірі осындай. Қызметке келгенімде маған көңілге тиетін бір анекдот айтып берді. Студент кітапханаға келеді. Одан: "Жас жігіт, сізге көмектесейін бе?" – деп сұрайды. Ол: "Қазақстан ғылымы туралы кітап іздеп жүрмін", – дейді. Сонда оған: "Фантастика үшінші қабатта", – деп жауап береді", – деді Саясат Нұрбек.
Осыған байланысты министр отандық ғылыми зерттеулердің нәтижелерін жұртшылыққа таныстыру маңызды екенін айтты. Оның сөзінше, озық технологияларды ғана емес, ғылыми білімге сүйеніп жасалған, шағын болса да, іс жүзінде пайдасы бар әзірлемелерді де насихаттау қажет.
Бұған дейін Саясат Нұрбек ғылыми жобаларға қаржы бөлудің ашықтығын арттыру жоспарларымен бөліскен еді.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript