Қазақстанда әуе билеттерінің бағасы тексеріледі

Сурет: ҚР Сауда және интеграция министрлігі
Қазақстанда ішкі рейстерге арналған әуе билеттерінің бағасы мен тарифтердің қалыптасу тетігі тексеріледі, деп хабарлайды Zakon.kz.

Тиісті тапсырма Сауда және интеграция министрлігінде өткен Сауда және интеграция мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңестің отырысында айтылды.

"Отырысқа қатысушылар электронды сауданы дамыту, цифрлық қызметтердің бірыңғай өңірлік нарығын қалыптастыру және ішкі әуе тасымалдары бағасының ашықтығы мәселелерін талқылады. Жиын Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев пен Қоғамдық кеңес төрағасы Руслан Шаекиннің қатысуымен, мемлекеттік органдардың, салалық қауымдастықтар мен бизнес өкілдерінің қатысуымен өтті", – деп хабарлады Сауда министрлігі 2026 жылғы 13 қарашада.

Талқылаудағы негізгі мәселелердің бірі қазақстандық және шетелдік маркетплейстер үшін тең бәсекелестік жағдайын қамтамасыз ету болды. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылы бөлшек электронды сауданың көлемі 3,77 триллион теңгеге жетіп, 19,4 пайызға өскен.

Отырысқа қатысушылар салық салуды жетілдіру, кедендік бақылау және трансшекаралық сауда кезінде тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі ұсыныстарды қарастырды.

Сондай-ақ Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан және Түрікменстанның бірыңғай цифрлық нарығын құру бастамасы талқыланды. Трансшекаралық есеп айырысуды жеңілдету, электрондық құжаттарды өзара тану және IT-компаниялардың жұмысына қолайлы жағдай жасау ұсынылды.

Қоғамдық кеңес мүшесі Марлен Смаилов ішкі рейстерге арналған әуе билеттерінің бағасы қалай қалыптасатыны және оның ашықтығы мәселесін көтерді.

"Талқылау қорытындысы бойынша Сауда министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне Көлік министрлігімен және Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп, әуе билеттерінің бағасына мониторинг жүргізу және тарифтердің қалыптасу тетіктерін зерделеу ұсынылды. Сондай-ақ билеттер бағасының күнтізбесін енгізу және баға өзгерген кезде хабарлама жіберу мүмкіндігін қарастыру ұсынылды", – деп хабарлады ведомство.

Айтылған барлық бастама мен ұсынымды тиісті мемлекеттік органдар пысықтайды. Олардың орындалуы Қоғамдық кеңестің бақылауында болады.

Қазақстан

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

"Самұрық-Қазына" және ҚТЖ басшыларының ұсталуы: Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысын өткізеді

Метрода қырқысқандар жазаланды. Біреуі қамауға алынып, екіншісіне айыппұл салынды

Бокстан жасөспірімдер Олимпиадасы: Ақнұр Тұрсынғали күміс медаль иеленді

"Көктайғақ, тұман, қатты жел". Жұмада еліміздің 17 өңірінде дауылды ескерту жарияланды

Қазақстанның үш туристік нысаны әлемдегі үздік 100 орынның қатарына енді