Өтініш беруші халықаралық ұйымдармен жасалған келісімшарттар аясында ақшалай қаражат алғаны туралы есептілікті тапсырғаннан кейін оның жеке деректерінің тиісті тізілімде ашық жариялануы өтінішке себеп болған.
Өтініш берушінің пікірінше, даулы нормалар оның келісімінсіз жеке деректерін жариялауға мүмкіндік береді және мәліметтерді тізілімнен алып тастаудың тиімді тетігін қарастырмайды. Бұған дейін ол Қағидаларды заңсыз деп тану және өзі туралы мәліметтерді тізілімнен алып тастау туралы талаппен сотқа жүгінген. Алайда дауды қарау қорытындысы бойынша қабылданған сот актілері өзгеріссіз қалдырылған.
Конституциялық сот Салық кодексінің 29-бабы 3-тармағы деректер базасын жүргізу, оған тұлғаларды енгізу және одан шығару тәртібін реттемейтінін атап өтті. Бұл норма тек тиісті тәртіпті белгілейтін және тізілімді жариялауды қамтамасыз ететін уәкілетті органды айқындайды.
Өтініштің қабылдану талаптарын бағалау кезінде Сот Қағидалардың 8-тармағын бірінші сатыдағы сот 2023 жылғы 11 желтоқсанда қолданғанын анықтады. Ал Конституциялық сотқа жүгінген кезде Конституциялық заңда көзделген мерзім өтіп кеткен.
"2025 жылғы 16 сәуірдегі мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттың ұйғарымы жаңа мерзімнің басталуына негіз болған жоқ. Себебі осы іс аясында Қағидалардың даулы нормасы тікелей қолданылмаған, тек бұған дейін қабылданған сот шешіміне байланысты аталған", – деп атап өтті Конституциялық сот.
Осылайша, заңда белгіленген өтінішті қабылдау талаптары сақталмағандықтан, ол конституциялық іс жүргізуге қабылданбады.