2018 жылы "Алматы әуендері" КМҚК Республика сарайында билеттерді брондау және сату бойынша автоматтандырылған кешенді енгізді.
Қазіргі уақытта кәсіпорынмен жеті билет операторы жұмыс істейді. Олар: Kassir.kz, Ticketon.kz, Zakazbiletov, Билеты Астаны, Kino.kz, Topbilet.kz және Kassy.kz. Сонымен қатар кәсіпорынның ресми сайты мен кассалары да бар. Олардың әрқайсысы билетке жеке бірегей код қалыптастырады.
Бірыңғай интеграциялық жүйе болмаған жағдайда кәсіпорынға көрермендерді кіреберісте тексеру үшін бір-бірінен тәуелсіз жеті жүйені қамтамасыз етуге тура келер еді.
"Билет операторларымен жасалған келісімшарттарға сәйкес бірыңғай билет жүйесін пайдаланғаны үшін 2% комиссия алынады. Бұл қаражат іс-шара ұйымдастырушыларынан тікелей ұсталмайды. Ал билет операторларының өз қызметтері үшін белгілейтін сервис алымы мен өзге де сыйақы мөлшерін (6%-дан 20%-ға дейін) олардың өздері дербес айқындайды. Кәсіпорын бұл мөлшерді реттемейді", – делінген хабарламада.
Аталған комиссиядан түскен қаражат кәсіпорынның ресми есепшоттарына аударылады. Бұл қаражат еңбекақы төлеу қорына, кіруді бақылау және басқару жүйесіне (СКУД), серверлік инфрақұрылымға қызмет көрсетуге және басқа да қажеттіліктерге жұмсалады.
Осылайша, кәсіпорынның мәліметінше, Ne Prosto Orchestra командасының уәждері расталмайды.
Ne Prosto Orchestra 2018 жылдан бері Республика сарайында көптеген іс-шара өткізген. Бұл ретте команда орындарды брондау, билеттерді сату мен есепке алу, сондай-ақ көрермендердің кіруін бақылау үшін кәсіпорынның инфрақұрылымын пайдаланған. Билеттер әртүрлі сату арналары арқылы жүзеге асырылған.