Аттары бөлек, бірақ заттары бірдей – Президент ауыл шаруашылығы бағдарламаларына талдау жүргізуді тапсырды

Фото: akorda.kz
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл мен аграрлық секторды қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігіне күмән келтіріп, Үкіметке оларға жан-жақты талдау жүргізуді тапсырды. Бұл туралы Президент өз сөзінде айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Президенттің айтуынша, соңғы жылдары ауыл шаруашылығына қатысты атауы әртүрлі болғанымен, мазмұны ұқсас бағдарламалар көбейіп кеткен.

Олардың қатарында "Ауыл аманаты", "Ауыл – ел бесігі", "Кең дала", "Береке", "Жайлау", "Игілік", "Сыбаға" және басқа да бастамалар бар.

"Әрине, әр жоба осы саладағы өзекті мәселелерді шешу үшін жазылады. Бірақ сол жұмыстың бәрі қаншалықты тиімді жүзеге асырылып жатыр? Меніңше, бұл – заңды сұрақ. Бізге бағдарламаның саны емес, ауыл шаруашылығының сапалы дамығаны керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осыған байланысты Мемлекет басшысы Үкіметке ауыл мен аграрлық секторды қолдауға арналған құжаттарды жан-жақты талдауды тапсырды. Ол әр бағдарламаның нақты мақсаты мен міндеті болуы керегін атап өтті. Сонымен қатар бастамалар шаруаларға түсінікті болып, ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуға ықпал етуі тиіс екенін айтты.

Президент тиісті министрліктің мәліметіне сүйене отырып, былтыр "Ауыл – ел бесігі" бастамасы аясында 500-ге жуық ауылда 921 жоба жүзеге асырылғанын жеткізді. Олардың жалпы құны 173 миллиард теңгені құраған. Бұдан бөлек, 277 елді мекенде сумен жабдықтау жүйесі жаңғыртылған.

Алайда Мемлекет басшысы атқарылған жұмыстардың нәтижесін тексеру қажеттігін ескертті. Оның айтуынша, бұған дейін жағымды ақпарат көп айтылғанымен, нақты статистикалық мәліметтер берілмеген деген сылтаумен кейбір мәселелер кейінге қалдырылған.

"Біз мұндай жағдайға жол бермеуіміз керек", – деп түйіндеді Президент.
Қазақстан
Қасым-Жомарт Тоқаев
Астана

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Қазақстан алғаш рет БҰҰ рейтингінің үздік 20 елі қатарына және ең жоғары рейтингілік топқа енді

Италиялық клуб итпен келісімшартқа отырды

Қазақстанда атом нысандарының қауіпсіздігіне қойылатын талаптар бекітілді

Путин, Си Цзиньпин және Трамп бейбітшілік туралы декларацияға қол қойды

Мемлекет басшысы Парламентаралық одақтың президенті Милтон Дикті қабылдады