Агенттіктің 2026 жылғы 23 қарашада жариялаған мәліметінше, күдікті жабдық жеткізуші, лизинг беруші және мемлекеттік қолдау алушы компанияларды өз бақылауына алған. Тергеу нұсқасы бойынша, ол осы компаниялар арқылы субсидия қаражатын жымқыру схемасын ұйымдастырған.
"Агрохолдинг Туркестан" және "JMJ-Агро" серіктестіктері арқылы жаңбырлатып суаруға арналған 81 машина сатып алуға субсидия алу үшін өтінімдер берілген.
Лизинг беруші де күдіктінің бақылауындағы "АгроПромЛизинг" микроқаржы ұйымы болған. Бюджеттен бөлінген субсидия осы ұйымның арнайы шотына аударылған.
Алайда 37 машина іс жүзінде жеткізілмеген әрі орнатылмаған. Соған қарамастан, қабылдау-тапсыру актілері ресімделіп, оларға міндеттемелердің толық орындалғаны туралы жалған мәлімет енгізілген.
"Кейін бюджет қаражаты күдіктінің бақылауындағы ұйымдардың шоттарына аударылған. Соның салдарынан мемлекетке 1,1 млрд теңге залал келтірілді. Күдікті қамауға алынды", – деп хабарлады ҚМА баспасөз қызметі.
Тергеу жалғасып жатыр. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етілмейді.
Бұған дейін, 20 қарашада, ҚМА ғылымға бөлінген 297 млн теңгенің көлік сатып алуға жұмсалғанын хабарлаған еді.