Комитеттің мәліметінше, биыл тамыз бен қазан аралығында есірткі тасымалының 8 халықаралық және 11 өңірлік арнасының жолы кесілді. Сондай-ақ бес жасырын зертхананың жұмысы тоқтатылды.
"Шет мемлекеттердің құзырлы органдарымен бірлесіп, есірткіге қарсы сегіз халықаралық операция жүргізілді", – деп хабарлады ҚР ҰҚК баспасөз қызметі.
Операциялар барысында 1,3 тоннадан астам есірткі тәркіленді. Оның ішінде 11,1 кг апиын, 525 кг синтетикалық опиоид, 14,2 кг гашиш, 404,6 кг марихуана, 320,6 кг қарасора түбі және 18,4 кг синтетикалық есірткі бар. Бұдан бөлек, 2,6 тонна прекурсор мен құрамында күшті әсер ететін заттар бар 2 650 таблетка тәркіленді.
Осы құқық бұзушылықтарға қатысы бар деген күдікпен Қазақстанның 40 азаматы мен 5 шетелдік ұсталды. Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр.
ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етілмейді.
Бұған дейін Ішкі істер министрлігі (ІІМ) жұрт назарын аударған ұстау оқиғалары мен табылған қауіпті заттар туралы хабарлаған еді.