Олжас Бектенов байланыс және интернет желілерінің дамуы мен тұрақтылығы қазіргі экономиканың негізгі инфрақұрылымы екенін атап өтті. Оның айтуынша, кәсіпорындардың, мемлекеттік сервистердің, денсаулық сақтау, білім беру және қаржы жүйелерінің жұмысы интернеттің қолжетімділігі мен тұрақтылығына тікелей байланысты.
"Азаматтар мен бизнес үшін салынған базалық станциялар туралы есеп емес, жұмыста, жолда және үйде интернетті үздіксіз пайдалану мүмкіндігі маңызды. Байланыс сапасы мен қолжетімділігі саланың даму нәтижесін бағалаудың басты өлшеміне айналуы керек", – деді Премьер-министр.
Сонымен қатар Үкімет басшысы ірі елді мекендер мен автомобиль жолдарында мобильді байланыстың тұрақсыздығына қатысты шағымдар әлі де бар екенін айтты.
"Бұл тек қолайлылық мәселесі емес, қауіпсіздікке де қатысты. Байланыс нашар учаскелерді азаматтардың шағымынан кейін ғана емес, жүйелі түрде анықтау қажет. Еліміздің барлық аумағындағы тұрақты байланыстың сапасы туралы бірыңғай ақпарат болуы керек. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі әкімдіктермен және байланыс операторларымен бірлесіп, бір ай ішінде "ақтаңдақтар" картасын жаңартып, оларды жоюдың нақты мерзімдерін белгілеуі тиіс", – деп тапсырды Олжас Бектенов.
Оның айтуынша, Қазақстанда магистральдық желілердің болуына қарамастан, үйлер мен кәсіпорындарды интернетке қосу мүмкіндігінде әлі де алшақтық бар.
Бұл мәселе әсіресе ауылдық жерлерде өзекті. Көп жағдайда ауылдарға магистральдық желілер тартылғанымен, ішкі тарату желілері жүргізілмеген.
Осыған байланысты Премьер-министр Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне байланыс операторлары және әкімдіктермен бірлесіп, 2026 жылдың соңына дейін 2027 жылы ауылдардағы абоненттерді интернетке қосу бойынша әр нысанға арналған нақты кестені бекітуді тапсырды. Сондай-ақ көрсетілетін қызметтердің нақты сапасына мониторинг жүргізу қажеттігін атап өтті.
Бұған дейін Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Қазақстанның қай учаскелерінде әлі де тұрақты мобильді байланыс жоқ екенін айтқан болатын.