Қаскөйлер түнгі уақытта тұрғын үйге кіріп, ондағы адамдарға күш қолданған. Сондай-ақ аңшылық мылтықтың шолақ ұңғысымен қорқытып, ақша мен бағалы заттарды талап еткен.
Нәтижесінде олар 4 млн теңгеден астам сомаға мүлікті иемденіп, үйдегі өзге адамдарды жертөлеге қамап қойған.
Бас прокуратура сотталғандардың әрекетін тонау деп саралау дұрыс емес деп есептеп, кассациялық наразылық енгізді. Себебі жәбірленушілер қарумен төнген қатерді шынайы әрі өмірі мен денсаулығына қауіпті деп қабылдаған.
Прокуратураның пікірінше, қарудың атылғаны немесе оның техникалық жай-күйі туралы мәліметтердің болмауы қылмысты қарақшылық деп тануға кедергі емес.
Кассациялық сот прокуратураның уәждерін қолдап, бұған дейінгі сот актілерінің күшін жойды. Қылмыстық іс жаңадан қарауға жіберілді.
Сот түсіндіргендей, тонау мен қарақшылықты ажырату кезінде тек келтірілген залал емес, шабуылдың сипаты, қолданылған күш және жәбірленушілерге төнген қатердің қаншалықты шынайы болғаны да ескеріледі.