Оқиға 2026 жылдың маусымында басталған. Сол кезде жәбірленушіге белгісіз адамдар хабарласып, өздерін ХҚКО, банк және киберполиция қызметкерлері ретінде таныстырған.
Олар әйелді қылмыстық жауапкершілікке тартылатынымен қорқытып, банк шоттарына қауіп төніп тұрғанына сендірген.
Осы сылтаумен алаяқтар әйелді 4,4 млн теңге несие алуға мәжбүрлеп, ақшаны өздері айтқан деректемелер бойынша аудартқан. Осы фактіге қатысты қылмыстық тергеу басталды.
"Тергеу барысында екі азаматтың (жауапкерлердің) банк шотына 1 млн теңгеден түскені анықталды. Жәбірленуші оларды танымайды және олардың алдында ешқандай ақшалай міндеттемесі болмаған. Кейін ақшаны алған басқа адамдар әйелге өз еркімен 2,2 млн теңгені қайтарды. Алайда қалған 2 млн теңге қайтарылмады", – делінген хабарламада.
Ақшасын қайтару үшін Ақтау тұрғыны сотқа негізсіз баю сомасын өндіріп алу туралы талап арыз беріп, екі алушыдан 1 млн теңгеден қайтаруды сұраған.
Істі Жамбыл облысының Талас аудандық соты қарады. Сот материалдар мен дәлелдерді зерделей келе, талап қоюшының өтінішін толық қанағаттандырды.
Сот шешімімен екі жауапкердің әрқайсысынан 1 млн теңгеден негізсіз баю сомасы және мемлекеттік баж өндіріп алу туралы шешім шығарылды.
Сот актісі әзірге заңды күшіне енген жоқ.