Тексеру барысында 33 бейнебақылау камерасының тоғызы істен шыққаны, дабыл түймесі жұмыс істемегені және бейнежазбалардың сақталмағаны белгілі болды. Бұған қоса, мекеме аумағындағы қоршаудың бүлінуі тәрбиеленушілердің қауіпсіздігіне қатер төндірген.
Прокуратура балаларға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету және оларды қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету кезінде де кемшіліктерді анықтады.
Қаржылық заңбұзушылықтар да тіркелген. Атап айтқанда, 11,5 млн теңгеден астам бюджет қаражатын жоспарлау кезінде заң талаптары бұзылған. Сонымен қатар мекеме басшысына негізсіз үстемеақы төленіп, іссапар шығындарына қатысты заңсыздықтарға жол берілген.
Осы деректер бойынша прокуратура Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 424 және 410-баптарымен әкімшілік істер қозғады.
Абай облысының білім басқармасына заңбұзушылықтарды жою және кінәлі тұлғаларды жауапқа тарту туралы ұсыну енгізілді.
Прокуратура тәрбиеленушілердің құқықтарын қалпына келтіру және қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін бақылауда ұстап отыр.