Болжамға сәйкес, бейсенбіде Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарында қар аралас жаңбыр мен қар жауады.
Республикалық маңызы бар автожолдардың кей учаскелерінде көріну қашықтығы қысқарып, жолдың жүру бөлігі тайғақ болуы мүмкін.
"ҚазАвтоЖол" жүргізушілерге ауа райын ескеруді, алдыңғы көлікпен қауіпсіз арақашықтық сақтауды, жылдамдықты жолдың жағдайына қарай таңдауды және күрт маневр жасамауды ұсынады.
"Республикалық маңызы бар автожолдардың жай-күйі туралы өзекті ақпаратты 1403 нөмірі арқылы тәулік бойы алуға болады", – деп еске салды компания.
Бұған дейін синоптиктер 26 қарашаға Қазақстанның 17 облысында дауылды ескерту жариялаған еді.