Жуалы ауданының прокуратурасы лудоманияның алдын алу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулердің сақталуы бойынша жүргізген талдау барысында мемлекеттік қызметшілердің құмар ойындарға жүйелі түрде қатысқанын анықтады.
Тексеру нәтижесінде жергілікті атқарушы органның лауазымды тұлғалары букмекерлік кеңсенің мобильді қосымшасы арқылы тұрақты түрде ақша тігіп келгені белгілі болды.
Айта кетейік, 2024 жылғы 9 қыркүйектен бастап Қазақстанда мемлекеттік қызметшілерге құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуға заңнамалық тыйым салынған. Бұл шектеуді бұзу мемлекеттік қызметтен босатуға негіз болады.
Алайда белгіленген талаптарға қарамастан, аталған қызметшілер құмар ойындарға қатысуды жалғастырған. Мәселен, жергілікті атқарушы органның бір бас маманы ойын шотына 23 млн теңгеден астам ақша аударған.
Прокурорлық қадағалау актісі қаралғаннан кейін тәртіптік комиссияның шешімімен төрт мемлекеттік қызметші теріс себептермен жұмыстан босатылды.
Прокуратура құмар ойындарға қатысу ойынға тәуелділікке ғана емес, мемлекеттік қызметшілер үшін құқықтық салдарға да әкеп соғатынын ескертті.