Сұхбатта журналистер Димаштан Перу мәдениетімен таныстығы туралы сұрады. Әнші әйгілі перулік опера әншісі Има Сумактың шығармашылығына ерекше құрметпен қарайтынын жеткізді.
Оның айтуынша, Има Сумак осыдан көп жыл бұрын Қазақстанға келіп, Алматыда концерт берген. Сол сапарында ол қазақтың әйгілі әншісі Бибігүл Төлегеновамен кездескен. Димаш екі өнер иесінің бірге түскен суретін көргенде ғана бұл кездесуден хабардар болған.
Сондай-ақ журналистер әншіден Перудің танымал орындаушысы Ева Айльонмен қалай танысқанын сұрады. Димаш олардың Нью-Йорктегі алғашқы концертінде жолыққанын еске алды.
Сұхбаттың бір бөлігінде әншіге шығармашылығынан бөлек, адамдардың есінде немен қалғысы келетіні туралы сұрақ қойылды.
"Көрермен алдында өнер көрсету – адамдарға соғыссыз әлем туралы еске салудың үлкен мүмкіндігі. Бұл – менің ең үлкен арманым. Қазір біз осында отырып, сұхбат беріп жатырмыз, кейін тамақтанып, бақытты өмірімізді жалғастырамыз. Ал осы уақытта планетаның басқа бөлігінде көптеген адам қаза тауып, қаншама бала көз жұмады. Бұл өте қорқынышты. Меніңше, адамдарға соғыссыз әлемді еске салу – менің басты миссиям", – деді Димаш.
Әнші жаңа елдерге барғанда көрікті жерлерді аралауға уақыты жете ме және концерт алдында дауысын қалай дайындайтыны туралы да айтып берді.
Оның сөзінше, концертке бір-екі күн қалғанда көп серуендемеуге тырысады. Себебі бұл уақытта аздап қобалжып, алдағы қойылымға бар назарын аударуы керек. Сондай-ақ психологиялық тұрғыдан дайындалу үшін жалғыз қалғанды жөн көреді.
"Концерттен бір күн бұрын мүлде сөйлеспеуге тырысамын. Концерт күні ерте тұрып, бір сағат бойы бірнеше вокалдық жаттығу жасаймын. Содан кейін қайтадан тыныштық сақтаймын. Күндіз тағы бірнеше жаттығу жасап, үндемей жүремін. Сахнаға шығар алдында да шамамен 20 минут жаттығамын", – деді өнер иесі.
Сұхбат соңында Димаш алдағы концертінде көрерменге қандай қырларын көрсеткісі келетінін түсіндірді.
"Әрқайсымыздың бойымызда жарық та, қараңғы да жақтар бар. Концерт осы туралы болмақ. Адамгершілік, жақсы музыка, өмір және өзіміз туралы айтамыз. Әртүрлі жанр мен стильдегі шығармалар орындалады. Сіздерге ұнайды деп үміттенемін. Көп рақмет", – деп түйіндеді әнші.