Әнші Dinaya композитор, музыкант Ренат Гайсинмен бірнеше жылдан бері етене жұмыс істеп келеді. Әріптестік қарым-қатынас бара-бара махаббатқа ұласқан. Dinaya өзіне қамқор болып жүрген музыкантқа деген сезімінің қашан оянғанын да білмейді. Бұл туралы “Гәкку FM” радиосының “Если честно” бағдарламасында айтылды, деп хабарлайды Stan.kz.
“Танысқан күннен бастап ол маған шығармашылық тұрғыдан көмектесе бастады. Тегіннен тегін ән жазып берді. Бұл – мен үшін өте құнды, себебі дәл сол сәтте маған қолдау қажет болды. Мен, тіпті сезімнің қалай пайда болғанын білмеймін. Маған оның жасаған ісі әркез ұнайтын, оған аузым ашылып қарайтынмын. Адамдармен сөйлесуі, жазған әндері, оны ұсынуы – бәрі ұнайды.
Маэстро Гайсин – менің махаббатым. Бұл нәрсенің мәңгілік болғанын қалаймын деп бекер жазған жоқпын. Себебі біз ертең не болатынын білмейміз. Ертең бірдеңе сынып қалуы, болмай қалуы мүмкін. Кей адамдар “бұл PR” деп жазып жатады. Мен ондайды түсінбеймін”, – дейді Dinaya.
Әнші Гайсинмен кездесіп жүрсе де, оған “сіз” деп сөйлейтін болып шықты. Оның себебін Dinaya былай деп түсіндірді:
“Бір адаммен жұмыс істеу және жақын қарым-қатынаста болу қиын. Мен оған “сіз” деп сөйлеймін. Себебі ол арамызда белгілі бір шек қояды. Мен “сенге” көшіп кетсем, мінезіммен басып кетуім мүмкін. Мен кішкене еркекшора әйелмін. Себебі мен ұзақ уақыттан бері жалғызбын. Маған шыдау қиын. Тіпті, ата-анам “саған бара-бара лайықты азамат табу қиын болады” деп алаңдайды. Ол да ыңғайсызданды. Мүмкін “сен” деп сөйлесе береміз, деді. Әзірге осы дұрыс, маған ыңғайлы дедім. Қашан басталғанын өзім де түсінген жоқпын. Жалпы біз 4 жылдан бері таныспыз”, – дейді әнші.